Павлодар облысының жас тұрғыны етікшілік кәсіп ашты
Қазақстанда былғарыдан қазақы нақышта етік тігетіндер саны артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Павлодар облысының тұрғыны мемлекеттен 5 миллион теңге грант алып, шағын цех ашты. Жасы 20-дан енді асқан іскер азамат келешекте кәсібін кеңейтіп, шәкірт тәрбиелеу жағын да ойластырып жатыр.
Бұл аяқ киім цехының ашылғанына небәрі 2 апта болды. Тұрсынбек Кеңшіліктің отбасы осыдан 3 жыл бұрын Қытайдан қоныс аударған. Бас кезінде әкесі ұлының бастамасын құптай қоймаған. Етік тігетін тері мен былғарыдан тапшылық туындайды деп ойлапты.
Тұрсынбек Кеңшілік, Успен ауылының тұрғыны:
- Әй, бұл кәсіп қалай болар екен, тауарды басқа жақтан әкелу керек қой дедім мен. Сөйтсем, материалдың бәрі Қазақстанның өзінен шығып жатыр екен. Әр облыста әрқалай шығып жатыр. Қой терілерін, сиыр терілерін мәнерлеп, содан кейін осы баламды қолдап, қуаттап жатырмын.
Етік тігуге керек шикізат көзін кәсіпкер оңтүстіктен әкеледі. Соңғы жылдары былғары баптап, тері илейтін зауыттар елімізде көптеп ашылып жатыр. Ең бастысы, өнімнің сапасында мін жоқ.
Ерзада Тұрсынбек, жас кәсіпкер:
- Бұл – қолтырауын терісіне ұқсатылып жасалған терілер. Бұл сондай аяққа жұмсақ әрі ыңғайлы келеді. Аяқ киім шығарсақ та, мәсі тіксек те, бұл терілер өте ыңғайлы. Сондай жұмсақ, созылғыш келеді. Аяққа жұмсақ, батпайды. Ерекшелігі осында.
22 жастағы Ерзада да етікшіліктің қыр-сырын әбден меңгерген. Болашақта шәкірт тәрбиелесем деп армандайды. Әзірге саптама етік, мәсі, кебіспен қатар спорттық және классикалық үлгідегі аяқ киім түрлерін тігіп жатыр.
Ерзада Тұрсынбек, жас кәсіпкер:
- Жаңадан бастап жатқандықтан, енді көп аяқ киімді бір күнде шығарып үлгере алмай жатырмыз. Істеген адам аз болып жатыр. Ал енді істеймін деп жатқан кісілер болса, үйренем деген жастар болса, ол – таптырмас орай. Мен өзім тегін үйретемін. 3 айдың ішінде бір маман болып шығуына мен көмектесемін.
Айдос Жақыпов, Успен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- «Іскер» бағдарламасы бар бізде. Биыл 20 жоба іске асырылды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Биыл 2,5%-пен 14 жоба қаржыландырылды. Негізгі 90%-і мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қалғандары мал сою алаңдарын модернизациядан өткізу және тағы басқа бағыттар бойынша.
Шағын кәсіпті 5 миллион теңге мемлекеттік грантпен бастаған кәсіпкер айына кем дегенде 50 аяқ киім шығаруды жоспарлап отыр. Экологиялық таза, табиғи материалдардан тігілген өнімге сұраныс жоғары болатынына сенімді. Қазақы аяқ киімдерге интернет арқылы тапсырыс алып, әлемнің кез келген бұрышына жөнелтуге дайын.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.