Шекаралық аймақтардың алыс-берісі артты
Каспий теңізінің экологиясын жақсарту бойынша құрылған жұмыс тобының қызметі қайта жанданатын болды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің шекаралық облыстары «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше мән бермек. Астрахан облысында шекаралық аймақтардың ынтымақтастығы, өндірістік кооперация мен Каспий теңізінің экологиясы тақырыбында жиын өтті.
Бұл күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мекен тапқан жері – Астрахан қаласынан 60 шақырымдағы Алтынжар ауылы. 1996 жылы күйші жерленген орынға кесене тұрғызылды. Ал 2005 жылы екі елдің қолдауымен халықаралық мәдени орталық ашылды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Астрахан облысына келген қазақстандықтар күй атасының мазарына келіп, тәу етеді. Бүгінде аймақта шамамен 150 мың қандасымыз тұрады. Ресейдегі қазақтар ең көп қоныстанған аймақ саналады.
Амангелді Абылғазиев, "Құрманғазы" атындағы орталық басшысы:
- Біздің жұмысымыз қазақтың намысын, домбырасын, бауырсағын халыққа көрсету. Өнер арқылы көрсетеміз. Жыл сайын нағыз қазақтың үлкен тойы — жайлау тойын өткіземіз. Қыстан аман есен шыққанда. Биыл төртінші жыл жасалды. Жеті мың халық жиналды. Жыл сайын көбейеді деп ойлаймыз.
Құрманғазының 200 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында Астраханьда Атыраудан келген Қаршыға Ахмедьяров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті.
Сапар барысында Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев Астрахан облысының басшысы Игорь Бабушкинмен дидарласты. Шекаралық облыстар арасында сауда көлемі жыл санап өсіп келеді: 2022 жылы тауар айналымы 50%-ға артқан.
Игорь Бабушкин, Астрахан облысының губернаторы
- Біз Қазақстанмен жан-жақты тығыз қарым-қатынастамыз. Әсіресе бізбен шекаралас аймақтармен сауда айналымы қарқынды өсіп жатыр. Алдағы уақыттағы жоспарымыздың бірі – «Қараөзек» өткізу пунктінің алаңында Атырау облысымен бірлесіп шекарааралық сауда орталығын ұйымдастыру.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Экономика, туризм, ауылшаруашылығы саласында біріккен жобаларды іске асыруға болады. Каспий теңізінің экологиясына да үлкен назар аудару керек деп ойлаймыз. Сондықтан осы бес мемлекет, біздің басты байлығымыз Каспий теңізін сақтап қалу жолында қандай жұмыстар жасау керекпіз, осыны егжей-тегжейлі қарастырып жатырмыз.
Екі жақ логистика, өндірістік кооперация, туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту жолдары да талқыланды. Каспий теңізінің экологиясы бойынша жұмыс тобының қызметі қайта жанданатын болады. Сонымен қатар еліміз «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше мән бермек.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров