Қостанайдағы ЖЭО жылыту маусымына дайын
Қостанайдағы жылу электр орталығы мен бу қазандықтары жылыту маусымына дайын.
Күн суытқаннан бастап пәтерлерге жылу беріле бастайды. Бұл туралы жылу электр тарату мекемелерінің өкілдері мәлімдеді. Жүйедегі негізгі құрылғыларды жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұл мақсатқа бюджет және кәсіпорын қаражатынан 3 миллардқа жуық теңге жұмсалған. Білім және денсаулық сақтау нысандары қысқа толық дайын. Бірақ жүздеген көпқабатты үйдің жылу жүйесі әлі де толық тексерілген жоқ. Себебі бұл баспаналардың 8 пайызы иесіз. Олардың тұрғындары тұтыну кооперативтерінен бас тартқан. Мүлік иелерінің бірлестігі құрылмаған. Мұндай үйлердің жылу жүйесін жуып, тазалаумен ешкім айналыспайды.
Виктор Шмыглов, "Қостанай жылу энергетикалық компаниясы" МКК директоры:
- Бұл мәселе жыл сайын қайталанады. Кейбір иесіз үйлердің жылу жүйелерін жуып, тазалау мүмкін емес. Биыл жылуды үздіксіз беру және авариялық жағдайлардың алдын алу үшін пәтер иелерінің кооперативі қызмет көрсетпейтін 42 үйдің жылу жүйелерін толық тексеру мақсатында пилоттық жоба іске қосылды. Бұл мақсатқа бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы 930 мың теңге бөлінді.