Алматы облысында ₸610 млн жымқырған мектеп есепшілері жауапқа тартылды

Алматы облысында білім саласындағы жемқорлық әшкереленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектеп есепшілері 13 адамның атынан жалған құжаттар әзірлеп, ай сайын бюджеттен заңсыз қаржы жымқырып отырған. Сөйтіп, 610 миллион теңгені қолды қылды. Есепшілер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Іс сотқа жолданды. Бұл жөнінде аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мәлімдеді. Бір есепші кінәсін мойындады. Ол өзі келтірген залал көлемін, яғни жымқырған 81 миллион теңгені мемлекетке қайтарды.

Сонымен қатар облыста жалған дипломдарды пайдаланудың 110 фактісі анықталды. Олардың қатарында 5 мемлекеттік қызметші мен 11 оқытушы бар.

Нұрсұлтан Бекенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:

- Енді қалған 5 бухгалтерге қатысты іс әлі тергеліп жатыр. Қазіргі таңда шамамен келтірген залал соммасы 500 млн теңгеден астам.