Өскеменде қосалқы электр станциясы салынды
Өскеменде соңғы 30 жылда алғаш рет қосалқы электр станциясы салынды.
Жылдан-жылға үлкейіп келе жатқан шаһар үшін бұл көптен күткен нысан еді. Себебі шағын аудандар көбейген сайын электр жарығы сөніп қалатын күндер жиілеп кетті. Енді халықты қажытқан осы өзекті мәселе шешімін таппақ. Қосалқы станция бірнеше тұрғын үй кешендері мен ірі сауда орталықтарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Бұл Әл-Фараби, Есенберлин даңғылында орналасқан жаңа ықшам аудандарында болған жағдай. Электр жарығы сөніп қалғандықтан жұрт ауызсудан қағылды. Өйткені тіршілік көзі электрсорғысы арқылы тарайды. Мұндай келеңсіздікке түнде де, күндіз де жаңа үй тұрғындары жиі ұшырайды.
Айжан Ахметқалиева Әл-Фараби көшесіндегі мүлік иелері бірлестігін басқарады. Айтуынша жаңа аудандағы инфарқұрылымға қатысты мәселе шаш етектен. Дегенмен жұртты электр желісіндегі апаттың жиілеуі қажытып жіберді, дейді.
Айжан Ахметқалиева, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Электр жарығының өшіп қалатын кезі өте көп. Талай адам жаңа электр құрылғыларын құртып алды. Соңғы кезде жағдай түзелгендей болып еді, міне өткен аптада тағы қайталанды. Ыдыс алып, су іздеп кеттік. Тасып әкелген суымыз жетпей әбден қиналдық.
Жаңа қосалқы станцияның пайдасы болады деп отыр мамандар. Өйткені бұл тәуелсіздік алғалы бері облыста салынған ең қуатты нысан.
Мадияр Абылханов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Өскеменнің сол жағалауында бүкіл қала құрылысы, үй құрылыстары бас жоспар бойынша, сондықтан да осы құрылысты бәсеңдетпеу аясында, құрылысты жүргізу мақсатында сы үлкен қсоалқы подстанция салынды 110 киловатық.
Станцияның іші ақылды құрылғыларға тұнып тұр. Егер желіде ақау болса, санаулы секунд ішінде келесі станция автоматты түрде қосылады. Шағын вакуумды қосқыштар, терминалдар мен трансформаторлардың бәрі заманауи.
Марат Сарбасов, сол жағалау аудандық электр желілерінің бастығы:
- Болжау ретінде айу өте қиын болады, әйткенмен де халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге тырысамыз.
Станция құны 1,5 миллард теңгеден асады. Бес мың абонентті және бас жоспарға сай болашақта салынуы тиіс тұрғын үйлер мен жеке нысандарды қамтуға қауқарлы. Қазір Жібек маталар комбинаты ауданына 60 метрлік кабель желісі де тартылып жатыр. Болашақта Өскеменде тағы да бір осындай қосалқы станция салынуы мүмкін.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов