Қытайдың Ханчжоу қаласында көк байрағымыз көтерілді
Бірер күннен кейін Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындары басталады.
Бүгін кешенді сынның қарсаңында салтанатты түрде Қазақстанның ту көтеру рәсімі өтті. Биылғы бәсекеге еліміздің атынан 500-ден аса атлет медалға таласады. Олар 30 спорт түрінен сайысқа шығады.
Аслан Қаженов, тілші:
- Мен қазір Ханчжоу қаласының төрінде орналасқан арнайы олимпиадалық орталықтамын. Иә, Қытай үкіметі дәл осы Азия ойындарына арнап мынадай үлкен ауданжы салып шыққан. Құрылыс өте қарқында жүргізілгені көрініп тұр және бұнда қазір әлемнің, әлемнің болғанда Сары Құрлықтың түкпір-түкпірінен жиналған 12 мыңға жуық спортшы жатыр. Сәйкесінше, Қазақстан туын ресми көтеру шарасы да дәл осы жерде ұйымдастырылды.
Сонымен әнұранымыз шырқалды. Туымыз көтерілді. Бұл Қазақстанның Азия ойындарына қатысатынын ресми растайтын шара. Дәл осылай бұл жерде бес елдің әнұраны шырқалады. Азия ойындарында осындай формат екен.
Елсияр Қанағатов, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры:
- Қытай мемлекетіне келіп жатырмыз. Осы жерге орналасып жатырмыз. Бұл қалашықты әр мемлекеттің туын көтеріп, әнұранын ойнатады. Бұл қош келдіңіздер дегенді білдіреді. Бұл шара спортшыларымызды да рухтандырады. Жауапкершілікті сезінеді. Өйткені, елдің атынан келіп отыр. Арттарында жанкүйерлер бар.
Оралбай Жақсымбетов, ҚР ТСМ спортты дамыту дирекциясының басшысы:
- Бүкіл жағдай жасалған осы жерде. Спорттық дайындық кесте бойынша жүріп жатыр. Көлікпен қамтылған. Уақытылы бәрін жеткізіп жатырмыз. Спортшылардың жатқан жерін тексеріп қайттық. Өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Барлығын тікелей қадағалап отырмыз.
Аслан Қаженов, тілші:
- Айта кетейік, биылғы құрлықтық додаға Қазақстан атынан 500-ге жуық қыз-жігіт қатыспақ. Бұл өзіндік рекорд саналады және олар осы Ханчжоу қаласына 4 чартерлік рейспен жеткізіледі. Ал ойындардың өзі ресми 23-ші қыркүйекте басталып, 9-шы қазанға дейін жалғасады. Тағы бір айта кетейін, осыдан 4жыл бұрын Индонезияда өткен байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 9 орынға тұрақтаған болатын. Ал бұл жолы мақсат сол дәрежеден асып түсу, бейресми үздік бестікке кіріуіміз керек деген ақпараттарды естіп қалып жатырмыз. Сәйкесінше, біздің ұлттық құрамамыз осы үмітті ақтап, сіз бен бізді сүйінші хабарлармен қуантады деген үміттеміз, сондай сенім бар.
Авторы: Аслан Қаженов