Түркістан облысында жиын-терін науқаны басталды
Түркістан облысының мақталы аудандарында жиын-терін науқаны басталды.
Ақ алтынның жаңа тұқымын еккен ордабасылық диқандар мол өнім алудан үмітті. Себебі шитті мақта тәжірибелік егін алаңдарында екі есе өнімділікті көрсеткен. Ал бітік шыққан өнімді шашау шығармай жинап алуға «Қаз Агро Қаржы» акционерлік қоғамы заманауи техникалар ұсынып, қолдау көрсетті.
Биыл Мейірбек Батырбектің шаруашылығына тиесілі 723 гектар жерге мақта бітік шықты. Шаруалар егін алқаптарына Түрік елінің таңдаулы тұқымын сеуіп, ерекше күтім жасады. Нәтижесінде ала жаздай еткен еңбек текке кетпеді,-дейді олар. Мақтаның әр гектарынан 43 центнерден аса өнім алуды жоспарлап отыр.
Мейірбек Батырбек, "Рамазан Агро" ЖШС директоры:
- Өзіміздің жерге қолайлысын ішінен тексеріп егіп жатырмыз. Ол Турецкий сорттардың сапасы өте жоғары. Сосын әлемдік рынкқа да тартымды.
Шаруа қожалық иелері 2009 жылдан бері «ҚазАгроҚаржы» ұйымымен тиімді шарт жасасып келеді. Нәтижесінде жеңілдетілген бағдарламаны пайдаланып, әмбебап 15 комбайн мен заманауи жабдықтар сатып алды. Жалпы биыл компания 600-ден аса ауыл шаруашылық техникаларын қаржыландырды.
Бекжан Жұқабаев облыстық және Шымкент қ. бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ директорының орынбасары:
- Өткен жылы біз «КазАгро қаржы» акционерлік қоғамының филиалы осы өңірдегі жалпы берілген сумманың көлемі 8,6 млрд болған. Биылдыққа 2023 жылға біздің белгіленген жоспарымыз 9,5 млрд теңге белгіленген. Соның бүгінгі таңда 7,5 млрд теңге 600 ден астам техникаға келісім шартқа тұрғанбыз.
«Рамазан Агро» мекемесі Ордабасы, Шардара және Сауран аудандарында орналасқан ірілі - ұсақты 350 шаруашылықпен екі жақты келісім шарт жасасқан. Мақташылар өз өнімін кәсіпорын зауытына жоғары бағада өткізеді.
Мырзахан Батырбек, зауыттың бас инженері:
- Сырттан Турциядан алып жатқан ұрықтарды беріп, солардың мақталарын біз өзіміз қабылдап жатырмыз. Жылына 30 мың тонна мақта қабылдауға қауқарлы зауыт.
Зауытта шитті мақта қалдықсыз қайта өңделеді. Ақ алтыннан 5 түрлі өнім жасап, дайын тауар түрінде Латвия, Молдова және Түркияға экспортқа шығарады. Сондай-ақ мақта тұқымы еліміздегі май шығаратын кәсіпорындарға да жөнелтіледі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов