Ақтөбеде мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз бүгінде көпке үлгі
Ұстаз – ұрпақты тәрбиелейді.
Балаға білім мен тәрбие беретін педагог қашан да құрметке лайық. Ақтөбедегі мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының информатика пәні мұғалімі Нұргүл Бейісова осындай жан. Білім ұясы құрылғалы бері мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз бүгінде көпке үлгі.
Нұргүл Бейісова Ақтөбедегі физика-математикалық лицей-интернатында информатика пәнінен тәлім берген алғашқы ұстаздың бірі. Ашылған күнінен бері, 27 жыл еңбек етіп келеді. Беделді педагог балалардың тілін тауып, сапалы білім беру үшін әрдайым ізденіс қажет дейді.
Нұргүл Бейісова, облыстық физика-математикалық лицей-интернатының информатика пәні мұғалімі:
- Техниканың өзі жылма-жыл дамып келе жатыр ғой. Көз ілеспейді. Сондықтан бір жағынан информатика пәнінің мұғалімдеріне өте көп ізденіс керек. Техникадан да қалмау керек және бағдарламадан да қалмау керек. Бағдарламалау тілдері де өзгеріп жатыр. Оқушыларымызға осы бағдараламалардан қалыспай программалау тілдерін беріп келеміз.
Ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздың басты мақтанышы – шәкіртінің жетістігі. Осы уақыт аралығында оқу ордасынан білім олимпиадасының ондаған жүлдегері түлеп ұшты. . Мәселен лицейді биыл тәмәмдаған 40 түлектің 37-сі мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түссе, үшеуі шетелдік университеттерге жолдама алған. Қатарында ІТ-технологияларды игеруге ниет еткендері де бар.
Алмагүл Сұлтанмұратова, облыстық физика-математикалық лицей-интернатының мұғалімі:
- Қазір информатика пәні деген өте сондай қиын пән. Өте сондай қажетті пән. Соған байланысты апай өзі еңбек етеді және балаларды соған жетелеп, тәрбиелейді. Жыл сайын Нұргүл Бақтыгереевнаның шәкірттері облыстық олимпиада, республикалық олимпиадалардан орын алып жүреді.
Нұргүл Бейісова лицей-интернаттың ауыл мектептерін қолдау бағдарламасына да белсенді атсалысады. Бір мезетте Ойыл ауданының Ш.Берсиев атындағы және Хромтау ауданының Дөң ауылдық орта мектебі оқушыларына сабақ береді. Бұл орайда шалғайдағы білім ордаларының пән мұғалімдерімен тәжірибе алмасып, шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосып жүр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков