Атырауда өзен портының жұмысы тоқтап тұр

Атырауда жылына 15 мың тонна жүк қабылдайтын өзен порты 3 жыл бойы пайдаға аспай тұр.

Жайықтың Каспийге құяр жері таязданып, үлкен кемелердің кіруіне кедергі көбейген. Қазір өзен сағасының тереңдігі жарты метрден аспайды, деп отыр мамандар. Енді әкімдіктегілер түптереңдету жұмыстарын қолға алмақ. Оған шамамен 16 миллиардтан астам теңге қажет.

Өңірдегі өзен порты 2010 жылы бастан-аяқ толық жөндеуден өткен. Облыстағы ірі өндіріс орындарына қажет құрылғылардың дені осы порт арқылы жеткізіліп келді. Газ-химия кешеніне қажет әрқайсысы 4 мың тонналық пропан сақтауға арналған резервуарлар да су көлігімен тасымалданған. Ал соңғы үш жыл бойы бұл нысан кәдеге жарамай тұр. Жайықтың теңізге құяр тамағы тереңдетілсе, кәсіпкерлер де алыс-жақын шетелден жүк тасуға ниетті.

Азамат Зұлқарнаев, кәсіпкер:

- Сумен тасу тиімді негізі. Себебі бір баржаға мың тоннаға дейін зат салып, соны жедел түрде қысқа мерзімде, тиімді бағамен алып келуге болады. Фурамен тасысаңыз ол тиімсіз. Негабаритный груздар мысалы жолға сыймайды, олар кейбір жерде өте алмайды, трубаларын кесу керек, жолда пробка болады, ал сумен келсе ол жылдам келеді.

Жайықтың таяздануы өзен портының жұмысына ғана емес, балық шаруашылығының дамуына да кедергі келтіреді. Енді әкімдіктегілер Жайықтың Каспийге құяр жерін тереңдету үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақтаған. Ол үшін 16 млрд-тан теңге бөлінеді, деп жоспарланып отыр.

Айдарбек Зиноллаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Жайықтың Каспийге құятын жерінің 13,6 шақырымы қазылады. Ені – 40 метр болады, тереңдігі 3 метр. Бұл жұмыстардың негізі президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес Жайықтың түбін тереңдету жұмыстары үкіметтің резервінен атқарылатын болады. Бұл жерде енді резервтен бөлінетін қаржыға сәйкес, конкурс жұмыстары емес, атқаратын компаниялармен келісім шарт жасақталатын болады тек.

Өзен портының жұмысы жанданса, бұл маңға түрлі қойма салу жоспары бар. Кәсіпкерлер тапсырыстарын алғанша келген тауар сол қоймада сақталады. Бұл кәсіп иелері үшін зор көмек болары анық.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов