«Саламатты Қазақстан» пойызы Орал өңірінде

Ауылдағы ағайынға мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді мақсат тұтқан «Саламатты Қазақстан» пойызы 13 өңірді артқа тастап, Орал өңіріне де жетті.

Қазанның 6-на дейін білікті мамандар теміржолдың бойында орналасқан  ауылдардың  халқын қабылдайды.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- 26 сәуірде жолға шыққан «Саламатты Қазақстан» пойызы бүгін Батыс Қазақстан облысына да келіп жетті. Медициналық поезд 8 стансаға аялдамақ. Мыңға жуық тұрғыны бар Достық ауылы солардың алғашқысы. Екі күн бойы ауыл тұрғындары өздерін мазалаған мәселелермен дәрігерлерге қаралып, тиісті ем-дом ала алады.

Жетпістің жетеуіне келген Райса Маутеева жылда осы пойызды асыға күтеді. Себебі ешқайда бармай-ақ білікті дәрігерлерден тегін кеңес алуға, түрлі талдаулар тапсыруға мүмкіндік бар. «Қартайғанда қарға адым жер мұң, жасы ұлғайған жанға қалаға қатынап, дәрігерге қаралу да оңай емес», - дейді ол.

Райса Маутеева, Достық ауылының тұрғыны;

- Мында қаралып жүрмін. Терапевтке, хирургке. Аяғым ауырады, асқазаным ауырады, бірақ шланг жоқ жұтатын. Қазір бүйректен анализ күтеміз. –Ауданда дәрігерлер жоқ па? – Бар, бірақ мұнда Алматыдан келген жақсы болар деп келдім. Рахмет сізге!

Райса Жаңабаева, ауыл тұрғыны:

- Жыл сайын пойыз келгенде қаралып қаламыз. Іш құрылысын, жүрек, бүйрек, бауырды ультра дыбыстық зерттеуден тексертеміз. Офтальмологқа қараламыз. Біздің ауылда гинеколог жоқ. Ауданға баруға тура келеді. Мына пойызда керектінің бәрі бар.

Медициналық пойызда 8 вагон болса, соның 4-і сырқат сырын анықтауға қажетті заманауи медициналық құралдармен қамтылған. Тек диагноз қойып, ем-дом тағайындаудан басқа шағын операция жасауға да мүмкіндік бар. 

Ернар Уәлиханұлы, хирург:

- Шағын операцияларды осында жасаймыз. Кейбір операциялар анықталып жатса, УЗИ өту барысында ол кезде ол науқастарды қалаға өзімізге жоспарлы түрде алып барып операция жасаймыз. Кей жағдайларда сүндетке отырғызуды да жасаймыз. Ауылдық жерде көп болды, балалар великтен құлап қалады, аяғы кесіліп кетеді, тігеміз.

«Саламатты  Қазақстан» пойызы бұған дейін 13 өңірде 50 мыңдай сырқатты қабылдапты. Оның 10 мыңы балалар екен.

Айнұр Егінбаева, "Саламатты Қазақстан" медициналық пойызының бас дәрігері:

- Біз келген халықтың сақтандыруы бар-жоғына қарамаймыз. Барлығын қабылдаймыз, барлығына тегін көмек көрсетеміз. Сонымен қатар біз егер де үйде жатып қалған науқастар болса, жарақат алып, инсульт алып немесе басқа да жағдайлармен, үйге барып науқастарды қараймыз. Егер де пойызға келген науқастарда қандай да бір ауру диагноз шығып жатса, ондай науқастарды біз жергілікті медициналық дәрігерлерге ақпарат ретінде мәліметтерін жібереміз, ол пациенттерді әрі қарай қадағалап бақылауға алу үшін.

Медициналық пойыз Батыс Қазақстан облысында 6 қазанға дейін болады. Осы мерзімде  Достық ауылынан басқа, Тасқала, Деркөл, Переметное, Белес, Жайық, Алғабас, Амангелді стансаларының тұрғындарын қабылдамақ.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов