Өскемендегі қоғамдық орындарға фандоматтар қойыла бастады
Өскемендегі қоғамдық орындарға пластик және алюминийден жасалған сусын ыдыстарын қабылдайтын фандоматтар қойыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Себебі шаһардың экологиялық ахуалы мәз емес. Оның үстіне қоқыс полигоны да арнасынан асып жатыр. Ал фандоматтар күл-қоқыстың азаюына сәл де болсын септігін тигізер деген үміт бар, - дейді табиғат жанашырлары.
«Таза қала» бағдарламасы аясында қойылған фандоматқа пластик ыдыс салу арқылы кез келген тұрғын бонус жинайды. Бұл экобонустар кейбір сауда орталықтарында жеңілдікпен сауда жасауға мүмкіндік береді. Бар болғаны жәшік сыртында көрсетілген мәліметтерге сүйеніп, арнайы қосымшаны жүктеп алсаңыз болғаны. Құрылғы қойылғалы 4 күн ішінде толып кеткен. Енді сұранысқа қарай оның саны да артуы ықтимал.
Еркін Байболов, фандоматтарға техникалық қолдау көрсету бөлімінің жетекшісі:
- Енді қала бойынша 4-5 фандомат қойылуы мүмкін. Бос ыдысты лақтыра салғанша бонус жинаған жақсы ғой. Сондықтан қызығушылар көп. Біз бұл құрылғыларды қаланың кісі көп жүретін жерлеріне қойып жатырмыз. Іші толған кезде фандомат электронды жүйе арқылы бізге белгі береді. Сол кезде ондағы заттарды жинап, сұрыптау зауытына өткіземіз.
Рамина Қажымұқанова, студент:
- Осындай фандоматтар қалаға жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда көбінесе экология бұзылып бара жатыр ғой, ал осындай фандоматтар басқа да сервистерге, жерлерге қойылса, экологияға жақсы әсер етеді деп ойлаймын.