Алматыда қоқыстан жасалған арт-нысандар көрмесі өтті

Алматыда қоқыстан жасалған құбыжықтардың шеруі өтті.

Эко-арт жобасында суретшілер тұрмыстық қалдықтардан түрлі бейнелер жасап, оны қала жұртшылығының назарына ұсынды. Осы жоба арқылы Алматы үшін үлкен проблемаға айналған қоршаған ортаның ластануын  көрсеткіміз келді, - дейді ұйымдастырушылар. Мұның бәрі ретсіз тұтыну, есепсіз пайдалану, қоршаған ортаға жауапсыздықпен қараудың нәтижесі. Іс-шараға сегіз ауданнан сегіз суретші командасымен қатысты. Олар өз аудандарындағы халық көп баратын жерлерді аралап, ондағы қоқыс қалдықтарын жинап, «Пластикалық Афродита», «Қоқыс бике», «Мұнайдың баласы» және «Шұңқырдағы бақсы» сияқты құбыжық бейнелерді жасап шыққан. Эко арт жобасы қала күні аясында өтіп жатыр. 

Фатима Өмір, жоба авторы:

- Біз Алматы өзенінің жағалауын араладық. Өзен арнасына толған тұрмыстық қалдықтарды өз көзімізбен көрдік. Алматының сұлулығын паш ететін Үлкен Алматы өзеніне келушілер өте көп. Бірақ ешкім тазалық сақтамайды. Әр бұтаның түбіне қоқыс тастаған. Бұл үлкен проблема. «Қоқыс бике» арт-нысаны арқылы өзіміз тастаған қоқыс өзімізбен бірге өмір сүріп жатқанын көрсеткіміз келді.