Қарағанды облысында өрт оқиғасының көрсеткіші төмендеді
Қарағанды облысында биылғы жылдың 8 айында 500 өрт оқиғасы тіркелген.
Дегенмен, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға төмендеп отыр. Бұл тілсіз жаудың алдын алу жұмыстарының нәтижесі,- дейді мамандар. Өрт өтінде жүріп, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіруден жалықпайтын құтқарушының бірімен біздің түсіру тобымыз жүздескен еді.
Өткен жылы Қарағанды облысында тілсіз жаудың салдарынан 25 адам көз жұмды. Тағы 15-ін күйік шалған. Өрт сөндіруші Сырым Балпан солардың басым бөлігі ересектердің жауапсыздығынан болады деген пікірде. Себебі тұрғындар әдетте ең қарапайым сақтық ережелерін сақтай бермейді. Соңы кейде қайғылы аяқталып жатады.
Сырым Балпан, өрт сөндіруші:
- Бұл жұмыстың қиындығы әр хабарлама әр түрлі бізде. Ең бастысы қай жаққа бара жатқанды қандай өрт боларын білмейміз. Өзіміздің карауыл болса тығыз байланыстамыз бір өртке бара жатқандықтан өйткені бір-ақ сәт ертең ол адамды көре алмай қалуымыз мүмкін, неше түрлі жағдай болады.
Сырым радиобайланыс саласының маманы. Бірақ достарының шақыруымен кейін өрт сөндіру саласына ауысыпты. Қазір осындағы ең жауапты мамандардың бірі.
Мұратбек Рыспеков, өрт сөндіруші:
- Осы 2017 жылдан бері осы жерде бірге қызмет жасап жатырмыз. Жұмысқа өте сауатты,өз жұмысын жақсы білетін маман. Өзін тек жақсы жағынан ғана білеміз. Қаншама жыл жұмыс жасап келеміз. Адами қасиеттері де,жақсы мықты азамат.
Қарағандыдағы ең ірі 1-мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Мұнда бір кезеңде 4 қарауыл кез-келген жағдайға сақадай сай отырады. Жалпы ұжымда 80-ге жуық адам бар. Олар өз міндетін жақсы біледі.
Сырым Балпан, өрт сөндіруші:
- Артықшылығы десем бе екен ол адамдарды құтқарып, алғысын алу. Кей адамдар айтып жатады, мысалы жақында біреудің баласын құтқарған екен қанша төлейін деп. Тегін себебі мемлекет төлеп отыр ай-сайын айлықты.
Мамандардың пайымдауынша қазір өрттің қауіпті кезеңі. Себебі өткен жылғы өрт оқиғаларының 30 пайызы жылу маусымы басталар кезде жеке сектордағы жер үйлерде болған.
Сондықтан мамандар өрт қателікті кешірмейтінін әркез назарда ұстаған жөн екенін ескертеді.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар