Шымкенттегі әуежай терминалының құрылысы бастапқыдан қымбаттап барады

Шымкенттегі халықаралық әуежай терминалының құрылысы бастапқы жобадан қымбаттап барады.

Салаға жауапты басқарма өкілдерінің айтуынша, инвестор ескі әуежайдың ұшу айлағын 900 млн теңгеге сатып алуы тиіс. Себебі жолаушылар тасымалы мен  көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту үшін тағы 6 гектар жер керек. Екі жақты келісімнің ұзаққа созылуы салдарынан, терминалды қолданысқа беру мерзімі келер жылға шегерілді.  Қазір нысанның құрылыс жұмыстары 60% аяқталды. Шатыры жабылып, қасбеті толық монтаждалды. Сондай-ақ инженерлік желілерді тартуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленген.

Ролан Ибрагимов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Көтерілген мәселенің бәрі шешіліп тұр. Қазір қаржы басқармасы сол 6 гектарды сату бойынша инвестормен келісім шарттар жүргізіп, қателеспесем 3 айда төрт траншпен аталған жер учаскесін сатып алады. Ол сол жерде өзінің телескопиялық траптарын қою керек.