Шығыста күн едәуір суытты
Шығыс Қазақстан облысындағы кейбір аудандарға қар жауып, күн суытты.
Облыс орталығында да ауа райы құбылып тұр. Синоптиктер тұман түсіп, екпінді жел болады деп ескертіп жатыр. Сол себепті өскемендіктер жылу маусымы ертерек басталса деген тілегін әлеуметтік желі арқылы жеткізе бастады. Ал мамандардың айтуынша Өскемен қаласы жылу жүйесіне кез келген уақытта қосыла алады. Қазір көп қабатты екі мыңға жуық үй дайындық төлқұжатын алып үлгерді. Жылу жүйелері мен қазандықтар да сақадай сай дайын, дейді мамандар. Негізінен жылу беру қазан айының ортасына жоспарланған. Бірақ барлығы күн райының құбылуына байланысты. Жауын шашын көбейсе, пәтерлер жылуға ерте қосылады. Қазір жылу өтініш білдірген 41 үйге берілді.
Қымбат Әбішева, қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:
- Барлығында дайындық төлқұжаттары бар, қазір олардың бәрі тапсырылып, бізге жиналуда. Жылу жүйелері мекемесі арнайы температуралық графика қарастырған сол график брйынша күн суыту, жаңбыр жауу қар жауу дегендер сол бойынша қосуға мүмкіндік қарастырылады.