Түркістан облысында екі жылда 63 мектеп салынады

Алдағы 2 жылда Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 63 мектеп салынады.

Созақ ауданында 900 орындық білім ордасының құрылысы басталып кетті. Ал Ыбырай елдімекенінде 200 орындық орта мектеп салынып жатыр. Жаңа ғимарат қараша айында тапсырылады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Бұл - Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп. 1971 жылы пайдалануға берілген. Алғашында колхоздың сарайы есебінде салынып, кейін білім ошағына айналдырылған. Ол кезде 100 балаға лайықталған. Сондықтан мұнда балаларға қажетті зертхана, шеберхана, асхана және спорт алаңы мүлдем қарастырылмаған. Кейінгі жылдары бала санының өсуіне байланысты білім ұясы тарлық етіп, ауыл тұрғындары жаңа мектеп салып беруді сұраған болатын.

Аядай ғана мектепте оқушылар екі ауысыммен білім алады. Оқу кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталмаса да, балалардың білім алуға деген құштарлығы қуантты.

Кәусар Сайлау, оқушы:

- Мен қазір ескі мектепте оқып жатырмын. Қазіргі таңда бізде жаңа мектеп салынуда. Онда толықтай білім аламын деп ойлаймын. Жақсы оқымауға мүмкіндік жоқ. Біз тек қана жақсы оқи аламыз. Себебі бізде ол жерде барлық мүмкіндік болады.

Қазір жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Елуге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Мұнда 2 қабатты оқу ғимаратынан бөлек, асхана мен шеберхана және спорт залы болады.  Оқу кабинеттері интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталады.

Алдаберген Маханов, мектеп директоры:

- Алдағы уақытта осы мектепте балалар білім алады. Жетістікке жетеміз деп ойлаймыз. Мектептегі мамандардың сапасы жақсы. 37 мұлғалім еңбек етеді. Қазіргі таңда 179 бала оқиды. Осы жылдың желтоқсан айында 200 балаға арналған жаңа оқу ғимараты пайдалануға беріледі.

«Жайлы мектеп» құрылысы басталды

900 орындық «Жайлы мектеп» аудан орталығы - Шолаққорған ауылында салынады.  Қазір мердігерлер жер учаскесін қоршап, құрылысқа дайындап жатыр. Жауаптылардың айтуынша, мұнда робототехника кабинеттері, STEM-зертханалары, хореография залы, бастауыш пен жоғары буын және мұғалімдер үшін бөлек коворкинг аймақтары болады.

Мұхит Тұрысбеков, аудан әкімі:

- «Жайлы мектеп» бағдарламасына сәйкес, 900 орындық түсіп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Келесі оқу жылында тапсырамыз деген мердігер компанияға талаптар қойылып отыр. Қазір осы мектептің құрылсы жүріп жатыр. Жалпы аудан бойынша 35 мектеп болса, соның бәрі типтік мектептер болып есептеледі.

Сонымен қатар жауаптылар келесі жылы ауданда Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп-лицейдің құрылысы басталатынын айтады. Қазір жобалық сметалық құжаттары сараптамадан өтіп, қорытындысы алынған. Жалпы биыл облыста 29 «Жайлық мектептің» іргетасы қаланады. Қалған 34 мектеп 2025 жылдың соңына дейін тапсырылады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов