Жамбыл облысында мал арасында белгісіз індет тараған

Майтөбе ауылы тұрғындарының айтуынша, осы айда бірнеше ірі қара мен жүзге жуық қой қырылып қалған.

Өлген малдан сынама алынды.

Айткүл Бөбеева үшін мал  -жалғыз табыс көзі. Жеті баланы асырау үшін сүт өнімдерін сатады. Алты сиырының үшеуі   белгісіз ауруға шалдыққан.

Айткүл Бөбеева, Майтөбе ауылының тұрғыны:

- Бір сиыр жас болды да, оны үйтіп-бүйтіп жазып алдық. Мынау екінші сиыр. Мұны да вет врачтар емдеп жатыр. Бірақ емдегенде де білмейді толық диагнозын. Қазір поляда үшінші сиырым ауырып жатыр дейді, алып кетіңдер деп жатыр.

Қазір ауылдағы жағдай жұртты алаңдатып отыр. Ауырып, жатып қалған мал әр үйде бар. Тұрғындардың айтуынша, қыркүйек айының басынан бері белгісіз кеселден отызға тарта сиырмен жүзге жуық қой қырылған.

Рима Әбдиева, Майтөбе ауылының тұрғыны:

- Мына жақтың барлығы жайылым. Оған дезинфекция жасау керек. Дезинфекция жасамаса болмайды. Бұл кене арқылы келуі мүмкін. Шөп арқылыда, су арқылыда келуі мүмкін. Сондықтан алдын алып, дабыл қағып  мына жоғары жақта отырғандар ешқандай тірлік жасап жатқан жоқ.

Мал дәрігерлері белгісіз індет адамға жұқпайды дейді. Дегенменде ауру малдың сүтімен етін пайдаланбауға кеңес береді.

Жарқын Қалмаханов, Талас аудандық ветеринариялық станциясының директоры:

- Менің тұжырымымда бұл – лептоспироз. Лептоспироз дегеніміз –сарыбезгек дейміз, сары аурудың бір түрі бұл. Бір айдың ішінде бес мал өлді. менің білгенім, көргенім бес мал. Ал енді халықтан сұрасақ 20-30 дейді. Ал ондайды мен көргенім жоқ. Меніңше ол жалған ақпарат.

Қазіргі таңда жауаптылар дәрі егілмеген малдан сынама алып, оны Алматы қаласындағы ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жібермек. Қорытындысы екі аптада дайын болады. Егер диагнозы қауіпті деген аурулардың қатарында болса, онда халыққа өлген мал үшін өтемақы төленеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев