Адал еңбек пен ұлттық өнерді дәріптеген отбасы
Жетісу облысының Көксу ауданында адал еңбекті, ұлттық өнерді насихаттап жүрген отбасы тұрады.
Дүйсенбай Әзімбайұлы мен Мәриямгүл Оспанқызы салт-дәстүрді дәріптеуден шаршаған емес. Биыл олар Мұсабек ауылының атынан үш байқауға қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.
Дүйсенбай Әзімбайұлы 1972 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы ағаш шебері және құрылысшы болып еңбек етті. Ол ауылдағы әрбір үйдің салынуына, әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне үлес қосты. Ақсақал сол мекемелердің өлшемдеріне дейін біледі.
Дүйсенбай Әзімбайұлы, Мұсабек ауылының тұрғыны:
- Монша салынды 20 да 40 үлкен. Одан кейін гараж құрылысы, оның ПМК цементтен салды. Біз есік терезесін, солардан қалған шаруаны салдық. Одан кейін магазин салып берді магазин полкілерін салып халыққа қызмет салды. Мектеп салды. Мектеп сырттан келіп салды. Содан кейін стендтерін бәрін мұғалімдерімен бірге жасадық. Құлыб салынды, сол секілді үлкен объектілер салынды.
Дүйсенбай ата үш ұлын еңбекке баулып өсірді. Олар да құрылыс саласының білікті маманы. Ағайындылар әке ұсынысымен мешіт құрылысын қолға алып, игілікті істің бастамашысы болды. Тоқсаныншы жылдары нарық заманына алғашқылардың бірі болып бейімделген де осы отбасы.
Зиягүл Әлібайқызы, Мұсабек ауылының тұрғыны:
-Тоқырау заманында бәрі бөліп бөліп бұл кісілер ең алғашқы дүкен салып, тұтынушылардың қалауынан шығып тұрды. Үлкен ғимараттар бұзылып кеткен кезде олар алып қалып үлкен столовыйды бұзғызбай ауылдың Құдай тамағын, кішігірім той томалағымыз жасайтын кафе қылып іске қосып жатыр.Қайырымдылық жасайды.
Отағасы ағаш шебері болса, әулеттің ұйытқысына айналған Мәриямгүл әжей де он саусағынан өнер тамған ісмер. Төр көрпе тігіп, құрақ құрап, тойбастарға арналған киіз үй сынды бұйымдарды өзі жасайды.
Мәриямгүл Оспанқызы, Мұсабек ауылының тұрғыны:
- Мына ою өрнектің бәрі менің анамнан дарыған. Анам өте сұлу әнші биші адам болған. Енем де сондай. Мысалы мына қоржынды бір түнде балама жасап неше елді аралаған құтты қоржын. Мына көрпешелердің бәрін оюларды оянып кетем де жасай берем. Неше түрлі ұлттың киімін тігіп би билейміз. Мына тұрған заттар қазақтың салт дәстүрін салт санасын дәріптеу.
Дүйсенбай ата мен Мәриямгүл әжей төрт баладан оннан аса немере сүйіп отыр. Әр демалыс пен мерекеде қара шаңырақта басқосу отбасының бұлжымас қағидасы.
Әсел Нұрқасымова, келіні:
- Өсіп өнген әулет. Атамның мінезі байсалды. Сабырлы кісі. Барлығымызға ақылын айтып отырады. Енем енді өзімнің анамдай болды. Ата-енеме ризамын.
Өзенбаев әулеті биыл «Ерен еңбек», «Еңбегім өрісім», «Ауылым алтын бесігім» атты үш бірдей байқауға қатысты. Соның екеуінде бірінші орын және біреуінде жүлдегер атанды. Өнерлі де іскер отбасы осылайша ұлттық өнерді ұлықтап, адал еңбекті насихаттап жүр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов