Елордада суретші-аниматорлар бас қосты

Елордада отандық және шетелдік анимация саласының үздік мамандары жастарға шеберлік сабақтарын өткізді.

Жиында белгілі анимация студияларымен байланыс орнату, серіктестік құру және тәжірибелік машықты жетілдіру сынды маңызды тақырыптар талқыланды.

«Анимация режиссері» факультетінің екінші курс студенттері Айдана мен Жансаяға бұл жиынның берері мол. Мектеп кезінен сурет салуды жаны сүйетін қыздар болашақта білімін шетелде шыңдағысы келеді. Кейін жеке студия ашып, отандық мультфильмдер қорын сапалы жұмыстарымен толықтыруға ниетті.

Айдана Жапарқұлова, шараға қатысушы:

- Өз студиямды ашқым келеді. Бірақ әзірге кішкентай студияларға барып, скилл алып, үйреніп, солай-солай асықпай ашамын. Қазіргі таңда жаңа әрі шағын студиялар ашылып жатыр. Солармен жұмыс істеп көруге болады.

Жәңгір Байкен де бас шаһарда "Анимация режиссері" мамандығын оқып жатыр. "Суреттегі кейіпкерге жан бітіру - көп еңбекті талап ететін жұмыс", - дейді студент.

Жәңгір Байкен, шараға қатысушы:

- Жаңадан шығып жатқан бағдарламалар, құралдар бар. Соларды қолданып жатырмыз. Қатты қиын деп айта алмаймын. Бірақ үйренетін жері бар.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұл жиында шетелдік мамандар анимация мен мультипликацияның қыр-сырын түсіндірді. Жас мамандар мен студенттер өзара пікір алмасып, мультфильм жасаудың технологияларымен танысты. Жалпы қазір халықаралық нарықтағы анимацияның құны 300 млрд АҚШ долларынан асады. 2030 жылға қарай 530 млрд долларға дейін жетуі мүмкін, дейді сарапшылар.

Уоркшоп бағдарламасы нарыққа қажетті трендтер мен аудиторияның сұранысы туралы бірнеше бағытты қамтиды. Олар: "Заманауи анимация", "Анимация жасау процесінің кезеңдері", "Кейіпкерлерді визуализациялау" және "Анимациялық контент жасаудың негізгі қағидалары".

Алексей Гришин, продюсер:

- Әлемде бұл индустрия қарқынды дамып келеді. Анимация тек мультфильмдерде ғана емес, бейнеойындарда да қолданылады. Қос саланың аяқалысы жаман емес. Бұл нарықтың келешегі зор. Жоба мен тапсырыс та көп.

Кейіпкерге мінез беру, оны сақтау, оқиғалар тізбегін бұзбау және кез келген жобаны инвесторлар үшін қызықты ете білудің оңтайлы жолдары айтылды. Ал қазақстандық кәнігі мамандар отандық 3Д мульфильмнің жабық көрсетілімін ұйымдастырды. Жастарға бірқатар кеңес айтты. Тәжірибе арқылы портфолио жинаудың маңыздылығы сөз болды.

Бақытжан Шабдукәрім, продюсер:

- Ең алдымен бір студияға ілесіп, тәжірибе алу керек. Кем дегенде 5 жыл. Соның ішінде пісіп, түсініп және лидерлік қабілетті дамыту керек. Өйткені бұл топтық жұмыс. Қиын жұмыс.

Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы мұрындық болған уоркшоп ертеңге дейін жалғасады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов