Брюссельде «Дос-Мұқасан» фильмі көрсетілді

Брюссельде жас қазақ режиссері Айдын Сахамановтың «Дос-Мұқасан» көркем фильмінің көрсетілімі аншлагпен өтті.

Іс-шараға Қазақстанның Бельгиядағы елшілігі мұрындық болған.

Жанат Эрнст, тілші:

- Аты аңызға айналған «Дос -Муқасан» музыкалық  ансамбль туралы көркем драма бельгиялықтарға топтың шынайы тарихы мен Кеңес кезеңіндегі қазақтың музыкалық рухтың ерекше атмосферасың сезіндіре білді.

Жарты ғасыр бұрын Еуропаны тәнті еткен «Дос -Муқасан» ансамблінің өнері "кәрі құрлық" көрермендеріне енді фильм түрінде  жол тартты. Бұл өткен ғасырдың 70-жылдарындағы жас қазақ өнерпаздарының өмірі мен шығармашылығын және ірі жетістіктерін баяндайтын тарихи-музыкалық туынды. Көрермендер арасында бельгиялықтар, журналистер, дипломаттар және қазақ диаспорасының өкілдері болды".

Дана Стефан, журналист:

- Бұл «Дос -Муқасан» ансамблінің әсерлі тарихын шебер жеткізе білген тамаша фильм. Талантты музыканттар өте қиын уақытта кедергілерге мойымай, арман-мақсатын үлкен абыроймен іске асыра білген. "Дос-Мұқасан"-ның тарихын тереңірек білгісі келетін әр адамға осы фильмді көруге кеңес беремін.

Маурицио Гери, Брюссель тұрғыны:

- Мен бүгін алғаш рет қазақ мәдениетімен танысып, оның Кеңес Одағы кезіндегі қиыншылықтары, сондай-ақ асыл мұратққа ұмтылу жолында қуғынға ұшыраған өнер адамдарының өмірі жайлы фильмді көріп, қатты риза болдым. Өте жақсы түсірілген. Түрлі жаңа музыкалық шығармаларды естідім. Бұған дейін Өзбекстанда болған едім, енді Қазақстанға баруға құлшыныс пайда болды.

Шағын студенттік ансамбльдің тарихы сол кезеңде өмір сүрген адамдар үшін ғана емес, кейінгі буын үшін де аса қызықты.

Лейла Батырбекова, Брюссель тұрғыны:

- Фильм шынымен сол кездегі атмосфераны шебер жеткізе білген. Менің анам Политехникалық институтта оқып, осы музыканттармен курстас болды. Кейін ол оқу орнын мен де бітірдім. Бұл біздің халықты біріктіретін тамаша идея. Бұл өткен кезеңдегі фольклорлық музыканы ғана таныстырмайды, сондай-ақ сол заманның ерекшелігін де көрсететін фильм. «Дос Мұқасанда» Кеңес Одағының ғана емес, сырттан келген музыканың да әсері бар екені анық аңғарылады.

Бельгиялықтар қазақша фильмді ағылшын тіліндегі субтитрмен тамашалағанымен, киноның түпкі идеясын жақсы түсінгенін айтады. Осының өзі шынайы музыка мен төлтума өнерге аударманың қажет еместігін білдірсе керек.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов