500 мыңға жуық шабақ Есіл өзеніне жол тартады
Елімізде балық қорын молайту үшін жыл басынан бері су айдындарына 80 миллионға жуық шабақ жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жақын арада тағы 20 миллион су жәндігі қолдағы тоғаннан айдын-көлге жол тартады. Мемлекеттің бұл тапсырысын меншікті тоған иелері мен балық шаруасындағылар атқарып отыр. Бірақ балық баптап, пайда тапқан жандардың да бас ауыртар мәселесі аз емес.
Бұл – Қарағандыдағы ең ірі балық шаруашылығының бірі. Қазір – ала жаздай баптаған балық шабағын басқа жерге шығаратын кезең. Мысалы, бүгін осы жерден жарты миллионға жуық шабақ Есіл өзеніне жол тартады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Балық баптаудағы шарбақты шаруашылық деген осы, мінекей. Тұқы тұқымдас балықтардың барлығы осындай арнайы жерде өсіріледі. Кейін мамандар олардың әлсіздерін іріктеп алады да, қуаттылары арнайы шелекке салынып, барлығы түгел алыс жолға дайындалатын болады.
Есілдің түбін тұқы балықтарымен толтыру 6 қазанға дейін жалғасады. Қазір Балық шаруашылығы комитетінің өкілдері оларды мұқият тексеріп алады. Шашылған уылдырықтан гөрі шыр біткен шабақтың жаңа мекенге қалыптасып кету мүмкіндігі зор.
Аружан Еспайқызы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің ресми өкілі:
- Осы кезде Қарағанды питомнигінде шабақтарды арнайы санау, өлшеу, комиссиямен қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шабақтардың орташа өлшемі 13 грамды құрайды. Қазіргі уақытта жинап, бүгін Есіл өзеніне жіберетін боламыз. Астана қаласындағы тұрғындар үшін, жалпы балық аулап жақсы демалу және балық ресурстарын молайту үшін жіберіледі.
Шабақтар жөнелтілді, шаруа әрмен қарай жалғасады. Қазір балық кәсібіне заманауи технология, ғылыми жаңалық пен жайлы тоғандар аса қажет болып тұр. Әйтпесе, әупірімдеп жүріп өсірген балықтың бір бөлігін бірқазан мен шағала жем қылады, бір бөлігі өліп тынады. Содан қалғаны кәсіпті нәсіп қылуға әрең жетіп отыр, - дейді мамандар. Сондықтан бұл сала да мемлекеттік субсидияға зәру.
Галина Конищева, балық өсіруші:
- Біздің салаға көңіл бөліп, мемлекет тарапынан субсидия бөлінуі керек деп ойлаймын. Себебі кәсіпорынның басқасын айтпағанда су-тоған үшін төлеуге қаржысы болмай қалады. Оның үстіне балыққа беретін жем бағасы да қымбат. Жақсы өнім алу үшін тамақтануы дұрыс болуы тиіс. Мықты мамандар да жоқ. Мен өзім зейнете шықсам да орныма келетін адам таба алмай жүрміз.
Осыған қарамастан шағын шаруашылық жылына 2 млн-ға жуық шабақ өсіреді. Болашақта бұл көрсеткішті барынша арттырмақ ниетте. Сондай-ақ тұқымен қатар мөңке, шортан, ақмарқа балықтарын өсіру жоспарланып отыр.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.