Аралда балық ұны мен майы шығарылады

Қызылорда облысында қалдықсыз өнім шығаратын балық кластерін қалыптастыруға ден қойылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысының Жолдауында сыртқа шығарылатын өнімді терең өңдеу міндеті айтылған болатын. Осы ретте Арал ауданында көксеркенің сүбе етін, қақталған айнакөз, тұздалған жайын мен ақмарқа, тыран қанаттары, фаршын және балық сүйегінен ұн шығаратын қалдықсыз өндіріс ошағы іске қосылды. 

Жоғары технологиялы зауытта балық қылтанағы ұсақталып, түрлі дәрумендермен байытылған ұнтақ шығарылады. Құрамында фосфоры мен протеині мол жем төрт түліктің тез қоң жинауына көмектеседі. Сондай-ақ құс шаруашылығы мен шабақ өсіру тұқымбағында қорек ретінде қолдануға таптырмас өнім болып саналады. Негізінен тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке өңдеумен айналысатын 50 жұмысшысы бар цех қазір ТМД аумағынан келген сұранысты орындауға кірісіп кеткен.

Әділқасым Бөреев, зауыт басшысы:

- Сағатына – 500 келі, тәулігіне – 10 тонна, айына – 260 тонна. Соның ішінде 20%-і, 56 тоннасы балық ұны, 5%-і балық майы шығып жатыр қазір. 

Еуропалық сапа стандартына сәйкес жабдықталған кәсіпорын балық майын да шығарады. Қалдықсыз технологияға негізделген өндіріс ошағы экологиялық талаптарды да қатаң сақтайды.  

Әділхан Қанатбаев, технолог:

- Технологияның бір ерекшелігі, сыртқа жағымсыз иіс шығармау мақсатында ауаның өзін 3 циклды тазарту қондырғысы қондырылған.

Толық кластерлі кешен жуырда өз балықшыларына арналған шыны-пластикалық қайықтар шығаратын цехпен толықпақ.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев.