Сенатор: Ем-домға бөлінетін қаражат жеткіліксіз
Денсаулық сақтау мекемелерін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан қаржыландыру жылдан жылға төмендеп барады.
Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай палата отырысында жеткізді. Оның айтуынша, медициналық мекемелер шығындарын оңтайландырған. Бірақ соған қарамастан қаржы тапшылығы салдарынан кредиторлар алдында берешегі пайда болады. Дәрігерлер науқастарды тек негізгі диагноз бойынша емес, жанама ауруларын да бірге емдейді. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мекемеге тек негізгі диагнозын емдегені үшін қаржы бөледі. Мысалы, пневмонияны емдеуге 120 мың теңге бөлінгенімен, науқастың қант диабеті аурулары есепке алынбайды. Нәтижесінде аурухана 120 мың теңгенің орнына науқас еміне 300-500 мың теңге жұмсауы мүмкін. Депутат Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені шешу үшін бірқатар ұсынысын жолдады.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне бөлінген қаражат жыл сайын толық игерілмей қалатындықтан, оны әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының пакеттерімен біріктірген жөн. Үшіншіден, ӘМСҚ ақшасын жеткізушілер арасында берген кезде комиссия құрамын өзгертіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмас үшін, белгілі бір компаниялардың мүддесіне лобби жасамас үшін отырыстарды ашық тәртіппен жүргізу қажет.