Елімізде 220 мың бас киік ауланады

Киік саны реттелетін болды.

Экология министрінің 19 қыркүйекте шыққан бұйрығы 6 қазаннан бастап күшіне енеді.

Қазір Батыс Қазақстан облысында киік аулайтын кәсіпкерлер мен оның етін өңдейтін кәсіпорындар анықталып, әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. Биылдыққа ақбөкеннің 20 пайызы ауланады деген жоспар бар. Ол нақты қанша бас? Ал қалатыны қанша?

Саны есепсіз өскен киік астықты алқаптарды таптап, шабындықтың шаңын шығарып,  батысқазақстандық шаруаларды шаш-етектен шығынға батырып келеді.Бұл туралы аз айтылған жоқ. Күні бүгін өңірде 2 миллионнан астам бөкен бар. Ал киік санын реттеудің биологиялық негіздемесін жасаған ғалымдардың сөзінше, оның саны 500 мыңнан аспауы тиіс. 

Әлжан Шәмшідін, Аграрлық техникалық университет ректорының орынбасары:

- Нормативтен 5есе-4 есе артық. Біз биологиялық негіздемені әзірлегенде биылғы жылы 20 пайызын табиғаттан алу туралы ұсыныс жасадық. Қорқып отырғанымыз саны көбейіп кеткені емес, шаруаға келтіріп отырған зияны емес, ертеңгі эпизоотиялық жағдайдың қиындап кетуінен қорқып отырмыз. Белгілі ол жасырын нәрсе емес. Жануарлар бір жерде, бір аумақта көп, өте тығыз орналасқан кезде міндетті түрде аурудың ошағы пайда болса, жаппай қырылып қалуы мүмкін. 

Киік санының 20% көп аулауға өңірдегі өңдеу кәсіпорындарының шамасы келмейді дейді мамандар. Дәл қазір Жаңақала және Чапаев ауылдарындағы ет комбинаттарымен ғана нақты келісім бар. Ал Оралдағы қалбыр зауыты бөкен етін бұқтыруға  дайын емес көрінеді. 

Мейрамбек Ерақаев, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- «Кублей» ЖШС қой еті, сиыр еті, жылқы еті консерві жасайды. Алайда қазіргі таңда консерв жасау үшін мемлекеттік ГОСТ стандарттар болмауына орай, шыққаннан кейін ғана мүмкін болады. Қазір ГОСТ жоқ, сәйкесті киік  етін дайындауға арналған.

Киік санын реттеуде негізгі оператор болып «Охотзоопром» кәсіпорны белгіленген. Жануарларды мылтықпен атпайды, арнайы үлкен торлармен аулайды. Барлық жұмыстың барысын инспекторлар бақылайды. Аулаған кәсіпкерге әр киік басына 4200 теңге төленеді. Бауыздалған киік төшкесі ет комбинаттарына келісі 400 теңгенің төңірегінде тапсырылады. Бірақ бұл бағалар әлі өзгеруі мүмкін дейді мамандар. 

Нұрлан Рақымжанов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының басшысы:

- «Охотзоопром» мекемесі қызметкерлері аулаушылармен келісім-шарттар жасап жатыр. Киікті реттеу әдісі коралл әдісі болады. Коралл деген үлкен сетка, ау ретінде ғой,  соған бәрі қамалады. Ішіне адамдар кіріп, сол жұмыстарды атқарады. Ол да біраз қаржы талап ететін құрал, оны алып жатыр қазір осымен айналысам деген мекеме. Қала берді коралл болғасын жерде мотоцикл де керек, сондай-сондай әзірлік жұмыстары жүріп жатыр. 

Арзан еттен өзге өңірлердің тұрғындары да ауыз тиюі ықтимал. Күні бүгін басқа қалалардан да тапсырыс түсіпті. Жалпы киік санын реттеу жұмысы бір жылдың ісі емес. Кәсіпкерлер келешекте Казталов, Жәнібек аудандарына мал сою кешендерін салса ұтылмас еді, - дейді сала басшылары. 

Нұрлан Рақымжанов, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының басшысы:

- Ет комбинаты салынса, сол оңтүстік аудандарда салынуы керек. Себебі алып келуінің өзі 300-400 шақырымнан қиын. Бұзылып кетуі мүмкін. Тағы да мәселелер туындайды. Мынау бір жылдың жұмысы емес. Байқап отырсыз. 1 млн 800 мыңның 200-ін реттегенде 1 млн 600 мыңы қалады. Ол төлдейді. Сонда ілесе  алмай қалуымыз мүмкін. Бұл жылда болатын процесс деп есептеймін. 

Киіктің еті арзан бағамен сауда сөрелеріне шығарылса, мүйізі шетелге шығаруға рұқсат берілгенше, не өзімізде өңдеу қолға алынғанша арнайы орындарда сақталмақ.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов