СҚО-да 34 мыңнан астам адам шағын және орта бизнеспен айналысады

Солтүстік Қазақстанда шағын және орта бизнес қарқынды дами бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе мемлекеттік бағдарламалардан нақты қолдау болды. Кейінгі 12 жылда өңірде саланы дамытуға 378 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Істің көзін тапқандар бүгінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өз өнімін экспортқа шығарды.

Солтүстікқазақстандықтар бұрын көзге лазерлік коррекция жасату үшін көбіне Ресейге баратын. Биылдан бастап бұл операция Петропавлда жасала бастады. Қала тұрғыны Олеся Леонтьева мемлекеттік бағдарламамен шетелден арнайы медициналық қондырғы сатып алды. Қазір офтальмологиялық орталықта күніне 50-ге тарта науқас ем қабылдайды.

Олеся Леонтьева, кәсіпкер:

- Кәсіп бастап, оны одан әрі кеңейту үшін қыруар қаражат қажет. Бұл ретте елімізде өз ісін дөңгелетемін деген жандарға барынша көмек көрсетіліп жатыр. Мәселен, біз қаңтар айында 225 миллион теңгеге жеңілдетілген несие рәсімдеп, арнайы аппарат сатып алдық. Қазір Қарағанды қаласынан келген дәрігер операция жасайды. Енді болашақта өз мамандарымызда оқытатын боламыз.

Соңғы жылдары өңір халқының түрлі кәсіпке дағдыланып, өз ісін ашуға деген белсенділігі артқан. Себебі тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды сезінді. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 34 мыңнан астам адам шағын және орта бизнеспен айналысады. Көбі өңдеу, тасымалдау және қызмет көрсету саласын таңдаған.

Гүлбаршын Дәулетбаева, кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік филиалының директоры:

- Бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары жүзеге аса бастаған кезден бері өңірде 378 миллиард теңгенің 5600-ден астам жобасы мақұлданды. Осының арқасында облыста 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Бюджетке түсіп жатқан салықта жыл санап артып келеді. Ең бастысы, аймақтағы кәсіпкерлер арасында бәсекелестік пайда болды.

Жалпы жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 400-тен астам жоба қаржыландырылды. Қазіргі таңда тағы 150 азаматтың өтініші қаралып жатыр. Енді еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке осындай тапсырма жүктеді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.