Алматыда студенттерге арналған жатақхана ашылды
Алматыда жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған тағы бір жатақхана пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қайта жөндеуден өткен ғимарат қажетті жиһазбен толық жабдықталған. Ел аймақтарынан келген 110 студент енді баспанасына алаңдамай, бар назарын білімге арнайды.
Жатақханадан гөрі жайлы үй деуге келетін ғимаратты көрген 1 курс студенттерінің қуанышында шек жоқ. Әдемі аула, кең бөлмелер, заманауи жиһаздар, оқу және демалу аймақтары, студенттер шығармашылығына арналған коворкинг орталығы, асүй мен кір жуатын орындар – бәрі студенттер үшін жасалған. Бір айта кетерлігі, бұл жатақханаға тек қыздар ғана орналасады.
Замира Жетіру, студент:
- Жалпы бізде негізі айына 75 мың, бұл ақшаға негізі күніне 2 рет тамақ беріледі. Яғни, таңғы ас және кешкі ас. Тамақтары өте тойымды. Азанда, мысалы, сабаққа кетер кезде осы жақтан ішіп кетеміз. Тазалықты сақтау керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Мәселені мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында шешу қазір өз нәтижесін беріп келеді. Алматыда бизнес өкілдеріне жатақхана мәселесіне қатысты жол сілтейтін арнайы Жобалау офисі жұмыс істейді.
Дамир Кұтымов, әкімдік жанындағы студенттік жатақхана құрылысы бойынша Жобалық кеңсесінің басшысы:
- Жатақхананы қолданысқа берудің 2 жолы бар. Біріншісі, құрылыс арқылы. Мемлекет әр студентке 230 айлық есептік көрсеткіштен бөліп, субсидиялайды. Сондай-ақ екінші жолы бар – ескі ғимараттарды қайта жөндеуден өткізіп, мақсатты бағдарын өзгертіп, қайта құру. Бұл үшін субсидия әр студентке 92 айлық есептік көрсеткіш көлемінде беріледі.
Жобалық офис құрылғалы бері студенттерге жатақхана салуға 100-ден астам инвестор қызығушылық білдірген. Қыркүйек айында 1,5 мың орындық 7 нысан іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 13 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы инвесторлар 3,5 мың студентті баспанамен қамтамасыз етуге дайын.
Ғалымжан Молдабеков, инвестор:
- Барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жатақхана тапшылығын айтып жатыр. Содан кейін студенттерімізге баспана іздемес үшін, әрі-бері көшіп жүрмес үшін неге көмектеспеске деген ой келді. Біз алдағы уақытта тағы осындай 19-20 жатақхана ашуды жоспарлап отырмыз.
Алматының даму бағдарламасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 12 мың төсек-орын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 20 мың төсек-орындық жатақхана ашу жоспарланған. Бұл жатақхана тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев.