Іле Алатауы ұлттық паркінің бір бөлігі Алматы әкімдігінің қарамағына берілсе не болады?
Іле Алатауы ұлттық паркінің бір бөлігі Алматы қаласы әкімдігінің қарамағына берілген жоқ.
Ал берілген жағдайда одан табиғатқа зиян келеді деп қауіптену бекер. Бұл туралы Алматыда қоғамдық ұйым өкілдерімен болған кездесуде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Себебі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың мәртебесі жеке заңмен бекітілген және ол барлығына, соның ішінде әкімдіктерге де қатысты, деді министр. Айта кетейік, кездесуге қатысқан бірнеше табиғат жанашыры туризмді дамыту үшін Ұлттық парктің бір бөлігі қала әкімдігінің құзырына берілуіне байланысты алаңдаушылығын білдірген болатын. Жалпы мегаполисте қоршаған ортаға қатысты қордаланған мәселе көп. Кездесуге қатысушылар ауаның шамадан тыс ластанғаны, таулы аймақтар мен өзен жағалауларының тұрмыстық қалдықтарға толғанын айтып шағымданды. Министр қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша елімізде пилоттық жоба іске асырылатынын мәлімдеді.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Бұлай жалғаса беруге болмайтынын бәріміз жақсы түсінеміз. Статистика бойынша елімізде 4,5 миллион тонна тұрмыстық қалдық жиналып қалған. Оның 25-27 проценті ғана қайта өңделеді. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Қазір 7 жоба бойынша жұмыс тобы жасақталды. Алдымен пилоттық режимде қолға алатын боламыз.