Қызылордада әлеуметтік жоба мүгедек жандардың қоларбасын тегін жөндейді

Қызылордада «Инва СТО» әлеуметтік жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың қоларбасы тегін жөндеуден өтеді.

Мұндағылар жылына 150 арбаны жөнге келтіреді.

Өңірдегі жалғыз шеберхананың қызметіне сұраныс жоғары. Сондықтан облыстық мүгедектер қоғамы аймақтың барлық ауданында осы қызмет түрін тегін ұйымдастыру бастамасын көтерді.

45 жастағы Қалмұрат Рахманбердиев жеті жыл бұрын инсультқа шалдықан. Аяғы мен бір қолы қимылсыз қалғасын электронды қоларба арқылы қозғалуға мәжбүр. Көмекші құралы бірер күн бұрын сыр бергесін арнайы орталықтың қызметіне жүгінді. 

Қалмұрат Рахманбердиев, қала тұрғыны:

- Инва СТО-да істейтін жігіттердің арқасында бұл арба жүріп жүр. Акумуляторы дұрыс болмай тұрған. Осы жердің жігіттері жөндеп берді. Жақында доңғалағы тесілді. Оны жамап беріп жатыр. 

Қызылорда облысында бұған дейін қоларба жөндейтін шеберхана болмаған. Сұраныс артып, мәселе өзекті болғасын, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы осы қызметті қолға алды. Мұндағы шеберлер қоғамдық негізде жұмыс істейді. Олар шеберханаға келуге мүмкіндігі жоқ тұрғындардың үйіне барып, қоларбасын қалпына келтіріп береді.  

Сағатбек Қуанышбайұлы, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы:

- Енді біз барынша мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы тегін қызмет жасап қойғанбыз. Осы іштегі ескі жарамсыз арбалардың дөңгелегін, басқа да темір - терсектерін бір-біріне қосалқы бөлшек арқылы жалғап, қойып береміз. Енді fйына мен қателеспесем, 10-15 арба келіп түседі. Оны енді түрлі жөндеуіне қарай. Оңай жөнделетіні бар, қиын жөнделетіні бар. Кейде 2-3 күн тұрып қалатын жағдайлар да болады. 

Әлеуметтік жоба авторы өткен жылы 300 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алған. Бұл қаржыға қоларбалардың дөңгелегін жамайтын арнайы құрылғы сатып алыпты. Осылайша қызмет сапасы арта түсті. Алдағы уақытта мұндай шеберхананы облыстың барлық ауданынан ашуды жоспарлап отыр. 

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев