Елімізде 450 мың адам құмар ойынға салынған
Туризм және спорт министрлігінің өкілдері осылай дейді.
қоғамды жегі құрттай жеп жатқан кеселге қарсы қауқарымыз аз. Себебі заң осал, дейді мамандар.
Бәс тігуді Ербол жиырма жыл бұрын букмекерлік кеңседе бастаған. «Алғашында тек қызығушылық болды», - дейді ол. Сөйтіп жүріп қомақты қаржы да ұтты. Кейін казинода бағын сынауға бел буады. Ол жерде біраз ақшасынан айырылып, жағдайы қиындайды.
Ербол Бекішев, қала тұрғыны:
- Қарызға баттым, адамдарды алдадым, оларға бизнес арқылы оңай ақша табу жолын үйретуге уәде бердім. Бірақ қолыма түскен ақшаны мен бір тиынын қалдырмай ойынға салып жібердім, 2018-ші жылы үйден кетіп қалдым, сүйтіп жүріп Мәскеуден бір-ақ шықтым, екі жыл Мәскеуде үйсіз-күйсіз қаңғырып жүрдім.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Елде 450 мың адам лудоманияға шалдыққан. Ресми дерек солай дейді. Ал депутаттар ойынқұмарлардың қатары 1 млн жуықтайтынын айтып, дабыл қағуда. Бірқатары күнде бәс тігіп, өмірін қауіпке байлайды.
Иә, ойынқұмар жақсы атақ емес. 18-дегі өрімдей жастың өмірі құмар ойыннан қор болғанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Қайтпек керек? Депутаттар жасы жиырма беске жетпегендерді ойынханаларға кіргізбеуді ұсынды. Сондай-ақ кредиті бойынша қарызы барларға да бәс тігуге тыйым салынбақ. Алайда айтуын айтқанмен, біраз жылдың жүзі болды, тиісті заң сол күйі қабылданбады.
Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Заңсыз ойын орталығын құрғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдастырғандарға жаза күшейеді, әсіресе жасы жетпеген тұлғаларды ойынханаға кіргізгені үшін жауапқа тарту көзделген. Бұдан бөлек, мектеп, шағын дүкендер маңында лото-дүңгіршектер мен ойын автоматтарын қоюға тыйым салынады.
Құмар ойындардың ашықтан ашық жарнамалануы - лудомандардың көбеюіне себеп. Ғаламтордағы менмұндалаған хабарламалар кім-кімді де жолдан тайдырады. Қоғам белсенділері шектен тыс жарнама үшін айыппұл салуды сұрап отыр. Ал психологтар лудоманиямен күресті мектеп қабырғасынан бастау керектігін айтады. Себебі оңды-солын танып үлгермеген баланы арбау әлдеқайда оңай.
Артур Котенко, оңалту орталығының басшысы:
- Оңалту орталықтарына келетіндердің арасында 14 жастағы жеткіншектер бар. Біз есірткі мен алкогольдің зияны жайында колледж, университтет студенттеріне үнемі айтып жүрміз, дәл сол секілді ойынқұмарлықтың үлкен кесапат екенін оқушыларға да жете түсіндірген жөн.
Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық аурулардың қатарына жатқызды. Соның кесірінен салы суға кетіп, өмірі қор болған жандарға жүйелі ем-дом қажет. Ал Ербол екі жылдан бері қалыпты өмірге оралып келеді. Енді ол отбасы мен жақын-жуығынан ажыратқан ойынқұмарлық әдеттен өзгелерді құтқаруға жанын салып жүр.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Марат Диханбаев