Солтүстік Қазақстан облысында дәрігер тапшы

Қазір өңірдегі емдеу мекемелеріне 183 медицина маманы қажет.

Ал жауаптылар болса бұл мәселені алдағы 3-4 жылда толығымен шешеміз деп сендіріп отыр. Ол үшін жергілікті атқарушы билік өкілдері ауылды жерге жұмысқа барғандарға 5 миллион теңгеге дейін көтермеақы төлеуге дайын.

Семей қаласының тумасы Әйгерім Мамырханова қолына дипломын алған жас маман. Өңірде ақ халатты абзал жандарға жасалып жатқан жағдайды естіп, еңбек жолын солтүстіктен бастауды жөн санапты. Осылайша ол облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жұмысқа орналасты.

Әйгерім Мамырханова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының кардиолог дәрігері:

- Барлық жағдайды қарап, ең бірінші жолдасыммен ақылдасып осында келуді шештім. Келгеніме еш өкінбеймін. Мына жақта шынымен де балалар өте көп, жүрек ақауларымен. Күніне қабылдау 18-20 науқасқа дейін барады. Жалпы Солтүстік Қазақстанда именно осы кардиолог маманы бойынша екі дәрігер. Біріншісі -Байқабекова Шолпан Қайырбековна. Ол кісі мында прием жүргізеді. Одан кейін мен. 

Соңғы екі жылда балалар ауруханасы 30-ға тарта дәрігермен толықты. Осылайша медициналық мекемеде кадр мәселесі түбегейлі шешілді. Дегенмен аудандарда жағдай мәз емес. Әсіресе қазір онколог,  акушер- гинеколог, анестезиолог сынды мамандарға сұраныс жоғары. Аталған мәселені шешу үшін жергілікті билік биылдан бастап көтермақы көлемін екі есеге дейін арттырмақ. Мұнымен қоса әлеуметтік қолдау тағы бар.

Нұржан Тағаниязов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Солтүстік Қазақстан облысында көтермеақы өткен жылы 2,5 милллион болған, ауданға барса. Қалаға келсе 1,5 миллион болған. Бір жылдың көлемінде дәрігерлерді көп тарту мақсатында біздер ол көтермеақыны көтеріп жатырмыз. Ауданға барса 5 миллион, қалаға келетін болса 3,5 миллион теңге.

Дәрігер тапшылығы –өңірдегі ең өзекті мәселенің бірі. Сондықтан аймаққа жұмысқа келгендерге медициналық ұйымның атынанда материалдық қолдау көрсетіледі. Мұнымен қоса, резИдентурада оқуға ниетті мамандардың ақысын төлеп беруге дайын. 

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бүгінде өңірде 200-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. Мәселе әсіресе елді мекендерде өткір. Сондықтан басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындары көбіне облыс орталығына қатынауға мәжбүр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков