Еліміз бойынша 647 мыңға жуық азамат кезекте тұр

Соңғы 10 жылда тұрғын үй кезегі 6 есе өскен.

Қазір баспанаға зәру 647 мыңға жуық азамат тіркеуде тұр. Алайда оның 200 мыңнан астамы тізімнен алынуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары тұрғын үй туралы заңды қайта қарамақ.

Евгений Садовников - балалар үйінің түлегі. 2014 жылдан бері баспана кезегінде тұр. 24 жастағы жігіт тезірек қоныс тойын тойлап, отбасын құруды армандайды. Әттеген-айы, пәтер кезегінің жылжыр түрі жоқ.

Евгений Садовников, балалар үйінің түлегі:

- Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма 10 жыл болды. Әлі ала алмай жүрмін. Күдерімді үзбей, ай сайын құжат жинап қоям. Әзірге 1789 орындамын. Қазір досыммен жер үй жалдап тұрып жатырмыз. Айына 70 мың теңге төлейм. Шынын айтқанда, өз үйімнің болғанын қалаймын.

Иә, заң бойынша Евгенийге мемлекеттен пәтер беріледі. Бірақ, кезектің жылжуы уақыт алады. Бұл тұрғын үй құрылысының қарқыны мен әкімдіктің салынған баспананы сатып алу жылдамдығына тәуелді үрдіс.

Самат Бекжігіт, ҚР ӨҚМ құрылыс және ТҮКШ істері комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Еліміз бойынша 647 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Санаттарға бөлетін болсақ, халықтың әлеуметтік осал топтары, олар 430 мыңға жуық құрайды. Одан бөлек мемлекеттік қызметшілер бар, бюджеттік ұйымның жұмыскерлері және тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарымыз бар. 

Өкінішке қарай, кезекте себепсіз тұрғандар бар. Биыл тұрғын үйге жауапты министрліктің өзі тізімді тезден өткізген. Сөйтіп, әрбір үшінші азаматтың үй кезегінде тұруға құқы жоқ екені анықталды. Бұл тізімдегілердің көбінде ел азаматтығы жоқ, енді бірі басқа өңірлерге көшіп кеткен. Тіпті бұл өмірден озып кеткендер де тізімнен алынбапты. 

Графика:

232 мың адам тұрғын үй кезегінен шығарылады:

96,1 мыңы - өз баспанасы бар

91,4 мыңы - басқа аймақтарға көшіп кеткен

29 мыңы - тіркеуде жоқ

15,6 мыңы - қайтыс болған

533-ы – ҚР азаматтығы жоқ)

Самат Бекжігіт, ҚР ӨҚМ құрылыс және ТҮКШ істері комитеті басқармасының бас сарапшысы:

- Шамамен 232 мыңға жуық азамат кезектен шығарылуға жатады деп алдын ала болжамдар бойныша. Бүгінгі күні бұл жұмыстар әкімдіктермен басталды. Тұрғын үй кезегінен сәйкессіздігі бар азаматтар шығарылып жатыр. Бүгінгі күні шамамен 10 мыңға жуық азамат кезектен шығарылып жатыр.

Жалпы тұрғын үй кезегіне алу, тиісті пәтерлерді бөлу мәселесі депутаттардың назарына іліккелі қашан. Қазір мәжілісмендер құрылыс және өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғын туралы заңды қайта қарап жатыр. Оған сай Отбасы банкінің құзіретін кеңейту көзделеді.

Ұлықбек Тұмашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Кезекті жергілікті атқарушы органдардан алып, отбасы банкке беру керек. Отбасы банк оның бәрін цифрландыру керек. Бұл жерде адамның қатысы болмау керек. Өйткені қазір біз естіп жатырмыз, білеміз кезек бұзушылық көп. Сондықтан халықтың наразылығы көп. Әрбір адамның өзінің личный кабинеті болады. Кезегі келді ме, сол уақытта алады. Ең бірінші мәселе осы.

Сонымен қатар сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерді сату мәселесі қаралмақ. 2017 жылдан бері нысанды жекешелендіруге тыйым салынған. Ал жаңа жобаға сай алғашқы жарнасы жоқ осал топтағы отбасыларға жергілікті мәслихат сертификат береді.

Ұлықбек Тұмашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 50 мың пәтер бар бізде арендада. Оның құны 846 млрд теңге. Егер соның жартысы жекешелендірілсе, оның ақшасы 400 бәленбай млрд келсе, сол ақшаны біз қайтадан жаңағы пәтерлердегі кезекті жылдамдату үшін қолданамыз. Бұл адамдарға да, үкіметке де тиімді болар еді. 2017 жылы ол пәтерлерді жекешелендіруге болмайды деген заң қабылданған. Біз ол заңды алып тастаймыз осы заңның аясында.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Мемлекетке қайтарылатын заңсыз активтер де баспанасыздарға көмек болатын түрі бар. Депутаттар қаражаттың 30 пайызын осыған жұмсау керек дейді. Бірақ заң жобасы енді ғана әзірленіп жатыр. Алғашқы қарауы жыл соңына қарай жоспарланған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Артур Горшняков, Серік Қоңырбаев, Ербол Дайыров