АЭС құрылысы. МАГАТЭ мамандары сараптама жүргізеді
Елімізде атом электр станциясының құрылысына қатысты жүргізілген зерттеулер нәтижесі МАГАТЭ сарапшыларына табысталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нысан Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында бой көтеруі мүмкін. Отандық және халықаралық тәуелсіз сарапшылардың бұған дейін жүргізген кешенді сараптаманың нәтижесінде АЭС құрылысы үшін аталған аумақ қолайлы деген алдын-ала ұйғарым жасалды. Бірақ зерттеу жұмыстары бірнеше кезеңнен өтеді. Мамандар елді мекен аумағында әлі де сейсмикалық, геофизикалық, геологиялық және де өзге инженерлік көрсеткіштер жан-жақты зерделенеді деп отыр. Агенттік зерттеу жұмыстарымен танысқаннан кейін өз қорытындысын жеткізеді. Қазіргі уақытта аталған мәселе жөнінде Халықаралық атом агенттігі мен Энергетика министрлігі арасында тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
Паоло Контри, МАГАТЭ-нің сыртқы оқиғалар бойынша қауіпсіздік секциясы басшысы:
- Біз процессті толық бақылайтын боламыз: Қалай ұйымдастырылды, қандай мәліметтер жиналды, қауіпсіздіктің барлық талаптары ескерілді ме, және төтенше жағдай болған кездегі тәуекелдер сараптамасы әзіреленді ме? Сонымен қатар бірқатар құжатты мұқият зерттеп, сарапшылармен талқылаулар өткіземіз.
Жандос Нұрмағанбетов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Кезекті миссия осы біз таңдаған жерге қатысты келіп отыр. Неге Балқаш көлінің жанынан, неге Алматы облысынан жерді бірінші атом стансасына таңдады деген сұрақтарды қойып жатыр. Соны қалай таңдаған құжаттардың бәрін көтеріп тиісті экологиялық тұрғыдан, геологиялық мәселелерді, әлеуметтік тұрғыдан бәріне өздерінің сараптамасын береді. Сараптама біткеннен кейін есебін береді.