Екібастұз жылыту маусымын бастады

Екібастұзда жылу маусымы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Кеншілер шаһарындағы жылу мәселесіне байланысты жедел штаб құрылған. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар жылумен қамтылады. Ал барлық көпқабатты үйді жылыту үшін 2 аптадай уақыт қажет. Жеке сектордағы үйлерге жылу соңынан беріледі. Қазір «Екібастұз жылу энерго» орталығында 2 қазандық іске қосылған. Қаладағы 90 әлеуметтік нысанның 30-ға жуығында жылу бар. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Желіге салмақ түспес үшін ғимараттарды жылуға біртіндеп қосамыз, - дейді мамандар.

Екібастұзда 400 шақырымға жуық желі бар. Биыл оның 74 шақырымы ауыстырылды. Бұл шамамен 20%-тен сәл асады. Қалған 80%-і – ескі құбыр. Осыған байланысты мердігерлер сынақ барысында кішігірім апаттар туындап жатқанын да жоққа шығармайды.

Валерий Левченко, мердігер ұйымның директоры:

- Сынақ  кезінде конденсатордың жарылуы болды. Бұл – қысымның әсерінен туындаған жағдай. Оны біз қалыпты құбылысқа жатқызамыз. Ең бастысы, құбырларды тексеріп шықтық. Енді қыс мезгілінде мұндай зақым болмайды деп ойлаймын. Жылу желілерін жуу жұмыстары аяқталды.