Қостанай облысының тұрғыны 50 жыл бойы ауылының өркендеуіне үлес қосып келеді
Алтынсарин ауылының тұрмыс-тіршілігі көп елді мекеннен көш ілгері.
Әр үйге орталықтандырылған су желісі, табиғи газ тартылған. Көшелері асфальт, демалыс орындары қаладағыдан кем емес.
Шалғайдағы ауылдың бұлай өркендеуін жергілікті халық шаруашылық басшысы Борис Князевтің біліктілігі, іскерлігімен байланыстырады.
Князев әулетінде егіншілік – атадан балаға мирас болған кәсіп. Бастапқыда жас Борис мамандық таңдауда сан құбылғандығын жасырмайды. Алдымен құрылыс-техника саласына барғысы келген. Одан кейін милиция мектебіне құжат тапсырған. Әскери-теңіз училищесіне түсу үшін медициналық комиссиядан да өтіпті.
Борис Князев, Еңбек Ері:
- Ақырғы сөзді әкем айтты, сен бәрін қой да, ауылшаруашылық институтына агрономдыққа бар, - деді. Еркіндікті қаласаң, кең далада, жайқалған егін арасында жүр. Баптай білсең, Жер-Ана несібесін аямайды. Әрине, қиындықтар да болады. Ол үшін қажырлы еңбек, мықты төзім керек деген еді.
Міне, сол әке сөзін жанына жалау еткен Борис Князев 50 жылдан астам ауыл шаруашылығында жұмыс істеп келеді. Тоқырау тұсында жағдай шатқаяқтай бастағанда шаруашылық тізгінін өзі ұстады. Қазір серіктестіктің егістік көлемі 100 мың гектардан асады. 5 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңы, диірмені бар. Қаладағыдай баспана құрылысы тоқтаусыз жүргізіледі. Биылдың өзінде 5 үй салынды.
Павел Слепов, инженер-электрик:
- Мен осы ауылда 2009 жылдан бері тұрамын. Үйімізге су кіріп тұр, газбен жылытылады. Тұрмысымыздың қаладағыдан еш айырмасы жоқ.
Аудандағы ең еңселі спортзалы осы Алтынсарин ауылында. Ғимарат бірнеше жыл бұрын жергілікті шаруашылықтың қаржысына салынды. Күтіп ұстау мен жаттықтырушыдан бастап барлық қызметкердің жалақысы да шаруашылық есебінен төленеді. Бірнеше спорт секциясы жұмыс істейді.
Марат Салықбаев, жаттықтырушы:
- Ай сайын облыстық сайыстарға шығамыз. Нәтижелеріміз жаман емес. 10 облыс чемпионын шығардық, республикалық жарыстарға қатысып жүргендер де бар. Осы ғимараттың өзінде облыстық деңгейдегі додалар өтіп тұрады.
Алтынсаринда 2 мыңға тарта адам тұрады. Соның 600-ден астамы жергілікті шаруашылықта еңбек етеді.
Борис Князев, Еңбек Ері:
- Мен тек Жер-Ананың иен байлығын игеріп жатқан адамдарға жағдай жасаймын. Маған олардың аянбай еңбек етсең, тұрмысың жақсара түсетінін көргені, соған сенгені керек. Сонда жұмыс алға жүреді, еліміз өркендейді. Мен – тек ұйымдастырушымын. Еңбек көптікі.
Борис Князев 2015 жылы «Еңбек Ері» атанды. Бойындағы бар білімі мен қажыр-қайратын көптің игілігіне жұмсаған азамат адал еңбектің арқасында сый-құрметке бөленуден артық бақыт жоқ деп есептейді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.