Ақтаулық мемлекеттік қызметкер ₸700 мың айыппұл төлейді
Ақтауда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қала аумағында модульді әжетхана орнату жұмыстарына тексеріс жүргізген.
Нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі шартқа қол қойылған соң 2 күн ішінде мердігерге ақша аударғаны белгілі болған. Яғни, билік өкілі құрылыс толық аяқталмағанын елемеген. Осылайша, мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзған бөлім басшысына 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Жобаға бюджеттен 87 млн теңге бөлініп, 5 мөлтек ауданда қоғамдық әжетхана қойылған. Бірақ олардың ешқайсы жұмыс істемейді.
Біржан Хайруллин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
- Модульді әжетханалардың қымбаттығы және оның қаншалықты заңға сәйкес орындалғандығы туралы ақпарат келіп түсті. Бұл ақпарат департаменттің есепке алу кітабына тіркеліп, тексеру үшін мемлекеттік аудитке жолданды. Аудит қорытындысы бойынша, мемлекеттік сатып алу заңы бұзылғандығы анықталды. Атап айтатын болсақ, мемлекеттік сатып алу бекітілген қағидатқа сәйкес жүргізілмеген.