Автокөлік жолдарына мыңнан астам бағдаршам орнату қажет
Елдегі автокөлік жолдарына мыңнан астам бағдаршам қажет.
Сондай-ақ 25 мың жол белгісі орнатылып, 1 млн шақырымнан астам жолды таңбалау керек. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Үкімет отырысында инфрақұралымдағы осындай олқылықтардан кей өңірлерде жол апаттары азаймай отырғанын айтты. Әсіресе Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарында жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Марат Қожаев, сондай-ақ, бұдан былай қала аралық рейске шығатын жеке такси жүргізушілеріне медициналық тексеріс жүргізу қажет деді. Оларды жылына 2 рет техникалық байқаудан өтуге міндеттеу және такси жүргізушісінің рульде 8 сағаттан артық болмауын қарастыру керек, деген бастамасымен бөлісті.
Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
- Тағы бір бөлек мәселе - заңсыз тасымалдаушылар. Көбіне олар пайда табу үшін тоқтаусыз, ұйқысыз және демалыссыз аймақтар арасында жүреді. Олар пайдаланатын автокөліктер қауіпті, ал жүргізушілер жолаушыларды тасымалдау ережелерінің талаптарын орындамайды. Соңғы 5 жылда еліміздің автокөлік паркі төрттен бір бөлікке өсті. Бұл ретте, автокөліктердің жартысының пайдалану мерзімі 20 жылдан асады.