Қарағанды облысында комбинат өкілдері қарттарға құрмет көрсетті
Қарағанды облысында қарттарға құрмет көрсетіліп, оларға деген сый-сияпат әлі де жалғасып жатыр.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметкерлері соғыс және еңбек ардагерлерінің үйіне барып арнайы құттықтады. Қазір Теміртау қаласындағы ең егде жастағы қарияның жасы бір ғасырға пара-пар.
Николай Куриленко Теміртау жұртшылығына жақсы таныс. Ол 90 жасына дейін темір тұлпар тізгіндеп, қала жастарымен кездесіп тұратын. Құрыш қаладағы соғыс ардагері биыл 96 жасқа келді. Әлі күнге дейін үйіне қонақ келсе, баладай қуанады.
Бұдан өзге Өтелбай Орынбаев пен Вера Шаповалова да назардан тыс қалған жоқ. Жалпы ардагерлерді ардақтау металлургиялық комбинаттың ізгі дәстүріне айналған.
Әлішер Жақыпбеков, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жанындағы этномәдени орталық жетекшісі:
- Мен комбинаттың ардагерлері атынан үш бірдей ақсақалымызды құттықтап шықтым. Олардың аман-есен ортамызда жүргеніне өте қуаныштымын. Комбинат оларды назардан тыс қалдырмайды. Бұл игі дәстүрге айналған.
Металлургия комбинатының ардагерлері де құрмет төрінде. Бұрынғы болат құюшылар мен доменшілер жалпы алғанда қазақстан магниткасының дамуына үлес қосқандар да марапаттан кенде қалмады.
Денис Ломакин, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндіріс жөніндегі басшысының м.а:
- Аға буынның бізге қалдырған еңбек жолын жалғастырушы ретінде үлкендерді қашанда құрметтейміз. Олар ешқашан назардан тыс қалмайды. Бүгін жиналғандар тек комбинаттың емес, қаланың құрылуына еңбек сіңірді. Оларға деген алғысымыз шексіз.
Ал ардагерлерге ең үлкен сыйлықты балалар жасады. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының балалар мен жасөспірімдер орталығының үлгілі фольклорлық ансамблі өнерін ортаға салды.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зулпыхар