Өскеменде ескі үйлердегі 107 жеделсаты күрделі жөндеуге зәру

Өскемендіктер үшін көпқабатты үйлерде мініп-түсу мұң болып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі жедел сатылардың көбі ескі. 300-ден астам лифт 25 жылдан артық қолданылып келеді. Ал 100-ге жуығы күрделі жөндеуге зәру. Тұрғындардың темір механизмді жаңартуға күші жетер емес. Басқа құрылымдарын айтпағанда, бір ғана кабинасының құны 2 миллион теңгеден асып кетеді.

Омархан Майжаров 7-ші қабатта тұрады. Сол себепті жеделсаты қызметіне жиі жүгінеді. Бірақ лифттің істен шыққанына бірнеше ай өтті. Жүрегіне операция жасатқан зейнеткер үшін далаға кіріп-шығу сынақпен тең.

Омархан Майжаров, қала тұрғыны:

- Бір күн жүрсе, 3 күн тұрады, талай рет біресе есігі ашылмайды, жабылмайды, біресе тоқтап қалады, келе жатып, сондай қиыншылықтар көп.

Айжан Ахметқалиева көтергіштердің аяқ асты тоқтап қалғанына талай рет куә болды. Көмекке жүгірген кездері де көп.

Айжан Ахметқалиева, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Мынау 2-ші подъезд лифті өткен аптада 2 рет сынды, 2 ретінде де негізгі тросы кетіп қалған, «подъемный трос» жыртылған үлкен боп, изолентамен оны орай салған.

Шаһарда ескі үйлердегі 107 лифттің техникалық күйі мәз емес. 300-ден астамының қолданыс мерзімі өтіп кеткен. Оларды ауыстыруға тұрғындардың қалтасы көтермейді. Кабинасы 2 миллион теңгеден асса, бір ғана батырмасы 40 мың теңге тұрады. Осылайша, жалпы сома 14 миллион теңгеден асып түседі.

Владимир Грицай, қоғамдық кеңес мүшесі:

- Пәтер иелері бірлестігі несие алмаса, мұндай қаржыны қарапайым тұрғындар жинай алмайды. Немесе мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау көрсетілуі керек.

Индустрия министрлігінің ақпаратынша, биыл республика көлемінде 300 жеделсатыны жөндеуге демеуқаржы бөлінеді. Бірақ бұл теңізге түскен тамшыдай. Алматының өзінде ғана 700 көтергіш ауыстырылуы қажет.

Надежда Бражникова, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бас маманы:

- Жекеменшікке тиесілі дүниені жөндеуге тікелей бюджет қаражаты қарастырылмайды. Қазір бір ережемен жұмыс істеп жатырмыз. Бюджеттік қаражатты қайтарымды механизмде қолданамыз. Яғни, қаржыны алып, оны тұрғындар бөліп қайтаратындай жүйе болуы ықтимал.

Жеделсатылар мәселесін жедел реттемесе болмайды, - дейді сарапшылар. Елімізде соңғы 4 жыл ішінде көтергіштерде 13 апат болды. Оның 8-і қайғылы жағдаймен аяқталды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.