Елімізде ақылы «көмекшілердің» қызметі заңдастырылуы мүмкін

Елімізде құжат рәсімдеуге жәрдемдесем деп ақы сұрайтын «көмекшілердің» қызметі заңдастырылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпарациясы мәртебесі туралы заң жобасында қарастырылған. Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, мұндай азаматтардың көмегінен бас тарту мүмкін емес. Себебі Халыққа қызмет көрсету орталығының маңында олардың тұтас институты қалыптасқан. Ал көмектері сұранысқа ие. Заң жобасы бүгін Мәжіліс отырысында қаралады. Жиынды біздің арнадан тікелей эфирде көре аласыздар.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз мұндай «көмекшілерден» арылуымыз керек. Негізі олардың қызметі қазақстандықтар үшін қауіп төндіруі мүмкін. Себебі олар азаматтардың жеке деректерімен жұмыс істейді. Олардың цифрлық қолтаңбасы мен жеке құжаттарын өздерінің сандық тасымалдаушыларына сақтап алады. Сондықтан біздің міндетіміз – мұндай қызметтердің мемлекеттік корпорация аясында көрсетілуін және сауатты әрі жауапты мамандармен қамтамасыз етілуін қадағалау.