БҚО-да паразитарлық аурулар көбейіп барады

Батыс Қазақстан облысында паразитарлық ауруға шалдыққандардың қатары артқан.

Соның ішінде описторхоз бен аскаридоз дертін жұқтырғандар  саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26%-ке көбейіп отыр.

22 жастағы Валерия Чепанова соңғы 7 жыл бойы дәрігерлердің жіті бақылауында. 2016 жылы оң жақ қабырғасының асты сыздап, қызуы көтеріліп барған бойжеткенді мамандар пиелонефрит, яғни бүйрек ауруы деп балалар ауруханасына жатқызыпты. Алайда биыл ол диагноз қате екені анықталды. Енді Валерия инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатыр.  

Валерия Чепанова, Орал қаласының тұрғыны:

- 7 жыл бойы бүйрегімді емдеді. Сосын биыл ультрадыбыстық зерттеуден өткенде бүйрек емес өт жолдарында құрт бар деп гастроэнтерологқа жіберді. Өз кезегінде  описторхоз ауруына шалдыққаным анықталды. Сол балықтан жұққан шығар деп топшылап тұрмын. Өйткені үйдегілер балыққа жиі шығады. Дастарханнан балық арылған емес.

Жыл басынан бері өңірде аскаридоз бен описторхозға шалдыққандар қатары 26 % артқан. Аскарида, яғни ішек құрты, көкөніс пен жеміс-жидекті тазалап жумай жеуден пайда болады. Кейінгі кезде түрлі фастфудтар мен қуырылған картоптан да жұғуы жиілеген. Ал описторхоз ауруын тудыратын жалпақ құрттардың дернәсілдері адам ағзасына балықтан өтеді.

Назым Қабденова, облыстық инфекциялық аурухана дәрігері:

- Описторхоз жалпақ құрттардан пайда болатын ауру. Дернәсілдері тұщы суда жүретін сазан тұқымдас балықтарда болады. Теңіз балықтарында болмайды. Балықты өңдеу кезінде, дұрыс қуырмаған кезде немесе шикі балықты дайындаған кезде жеке гигиена сақтамау арқылы адамға жұғады.

Биыл өңірде 113 сырқаттан аталған паразит анықталған. Олар негізінен Орал қаласының, Бөрлі мен Жаңақала аудандарының тұрғындары. Мамандар ауруды дер кезінде анықтап, уақтылы ем алу керектігін айтады.

Назым Қабденова, облыстық инфекциялық аурухана дәрігері:

- Көбінесе бастапқы кезеңде диагноз қоюдан қателеседі. Описторхоз ауруында іш өтіп, температура көтеріледі. Мұны ішек ауруларымен шатастырады. Қазір бізде ауруды анықтау тәсілдері көбейді. Қаннан иммуноферменттік талдау жасаймыз, копро лапароскопия бар, дуоденольды зондтау әдістері арқылы нақты анықтауға болады. Егер ауруды асқындырып алса, ол бауырдың, асқазан безінің қатерлі ісігіне соқтырады.

Аурудың алдын алу үшін мамандар шала тұздалған, шала кептірілген балықтарды тұтынбауға шақырады. Жалпы алғанда өңірдегі өзге де паразитарлық аурулар саны өткен жылмен салыстырғанда 15% артып отыр.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов