Шығыста орманшылар өрт сөндірушілермен бірлескен жаттығу өткізді

Шығыс Қазақстан облысының орманшылары өрт сөндірушілермен бірлескен оқу-жаттығу өткізді.

Бұл жолы жетуі қиын таулы аймақтағы жедел әрекеттер пысықталды.

Сценарий бойынша «АсуБұлақ» орман шаруашылығы отқа оранды. Таудағы қызыл жалынды сөндіру оңай емес. Жоталарға арнайы техника жете алмайды. Сол себепті орманшылардан құралған жеке құрам оқиға орнына бірінші болып келді. Ауа райының қолайсыздығынан тікұшақты да әуеге көтеру қиынға соқты. Ал кинологтар иісшіл иттердің көмегімен адамдарды іздеуге кірісті. 

- На данный момент вот этот квадрат согласно карте сейчас идем в гору туда, там все встречаемся  на вершине. Расстояние между группой 20 метров вверх по склону. 

Өткен жазда жеміс-жидек теріп, тауға көтерілген бірнеше адамды кинологтар тауып алды. Сондықтан орманда жоғалған адамды іздеуде олардың тәжірбиесі мол.  

Ерғали Бахаев, облыстық ТЖД бастығы:

- Бұл оқу-жаттығуға қазіргі таңда 68 дана техника, 280 адам қатысты. Нақты айтатын болсақ, бұл жерде төтенше жағдайлар департаменті және орман шарушылығы сонымен басқа да жергілікті атқару органдарының қызметкерлерінің қатысуыменен өте үлкен жұмыстар жүргізілді.  

Биыл көрші Абай облысындағы төтенше жағдай көпке сабақ болды. Сондықтан құтқарушылар осындай оқу-жаттығу арқылы дайындығын пысықтап жатыр. 

Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары:

- 9 айдың қорытындысына келетін болсақ, облыс бойынша 77 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 11 пайызға өсіп отырғанын көрсетеді. Сондықтан осындай оқу-жаттығу жұмыстарында тиісті қызметкерлердің, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес органдардың өзінің өзара бірлесіп жұмыс жасауының арқасында бола қалған жағдайларға дайын боламыз.

Аймақтағы орман алқабы екі миллион гектардан асады. Оның көбі таулы аймақта орналасқан. Билік өкілдері болашақта техника паркін жаңартуға баса мән беріп отыр. 

Самат Қайырденұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин