249 үміткер әкім болуға ниетті
Облыстық маңыздылығы бар қалалар мен аудандардың әкімдерін сайлау қарсаңында үміткерлер өз кандидатурасын ұсынып жатыр.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы хабарлады. 45 орынға 249 кандидат тіркелген. Оның ішінде 13-і әйел. Олардың жартысынан көбі - өзін-өзі ұсынушылар. Қалғандары партия атынан түсіп жатыр. Үміткерлердің орташа жасы 47. Едәуір бөлігі - мемлекеттік қызметкерлер. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 10-шы қазанда басталады. Еске сала кеткен жөн, 5-ші қарашада пилоттық режимде 42 ауданның және облыстық маңыздылығы бар 3 қаланың әкімдерін сайлау өтеді.
Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Кандидаттардың 21 пайызы - экономистер. Заңгерлердің үлесі шамамен 20 пайыз. 15 пайызы - ұстаздар қауымы. 13 пайыздан астамы - инженерлер. Әр оныншы үміткердің ауыл шаруашылығы саласы бойынша білімі бар.