Ауыл жастарының V республикалық форумы өтті
Елімізде "Болашақ" бағдарламасымен магистратурада білім алып жатқан студенттердің арасында ауыл жастары жоқтың қасы.
Ал Үкіметаралық бағдарламалар бойынша тәжірибе алмасып, біліктілік арттырып жатқандардың қатарында, бірде-бір елді мекен тұрғыны жоқ, дейді Мәжіліс депутаттары. Өкініштісі сол, мәселе білім сапасының төмендігінде ғана емес, тағы ақпараттандыру жұмыстарының жоқтығында. Бүгін "Ауыл" партиясы фракциясының өкілдері осы жөнінде айтты. Ауыл жастарының V республикалық форумында депутаттар көшбасшы жастардың аймақтарды дамыту жөніндегі тұшымды ойларын тыңдап, тың идеяларын Үкіметке ұсынуға ниетті. Жиында табысқа жету мүмкіндіктері сөз болып, жас фермерлер жетістігімен бөлісті.
Азат Рашидов, жас фермер:
- Депутат, сенатор мырзалардан конкурстық заңнаманы өзгертуді, жастарға жеңілдік пен басымдық беруді сұрадық. Екінші мәселе, ол қаржыландыру. Неше түрлі бағдарламалар бар, бірақ ауыл жастарында кепіл жоқ. Сол залогты мемлекет тарапынан кепілдендіру бағдарламалары болды кезінде 5-6 жыл бұрын. Соларды қайта қалпына келтірсе екен.
Ауыл жастарының "Болашақ" бағдарламасы арқылы шетелде білім алу мүмкіндіктері, және оның сапасын арттыру үшін онлайн платформаларды қолдану жолдары талқыланды. Және "Ауыл" партиясы мен "Халықаралық бағдарламалар орталығы" арасында өзара әріптестік жайында меморандумға қол қойылды.
Әли Бектаев, "Ауыл" партиясының төрағасы:
- Шектеулер бар. Міне соның бәрін ауылдың жастары пайдалана алмайды да, одан кейін қалада бос жүріп қалады. Қазір енді ауылда жұмыс көп. Сол жұмыстаржды дұрыс ұйымдастыру және жастарға жұмыс тауып беру өте маңызды деп ойлаймыз. Президенттің қолдауымен ауыл жастарына шағын несие беру бағдарламалары қолға алынып жатыр.