Қызылордада Шөмішбай Сариевті еске алу кеші өтті

Теңіздей тебірендім, тербедің... Қызылордада осындай атаумен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевті еске алу кеші өтті.

Нартай Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрда шымылдық түрген рухани шараға елге белгілі эстрада әншілері қатысты. Өнер жұлдыздары ақынның сөзіне жазылған әндерді орындап, кеш қонақтарын әсем сазбен тербеді.

Шөмішбай Сариев Қызылорда облысы, Арал ауданының Шөміш стансасында өмірге келген. Ол орта мектепті бітірген бойда жергілікті баспасөзде қызмет етті. Өрелі өреннің өр биіктерге жасаған қадамы осылай басталған. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды». Алматыға білім іздеп барған талантты ақын поэзия өлкесінде өзгеше өрнек салды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль, «Платиналы Тарлан», «Жыл адамы – алтын адам» сыйлықтарының лауреаты атанды. Еске алу кешінің қонақтарына арнаған Мемлекет басшысының құттықтау лебізін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев оқып берді.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Қадірлі қауым! Көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев – төл мәдениетімізді дамытуға елеулі үлес қосқан біртуар тұлға. Ол ұлт санасын сергіткен асқақ рухты жырларымен қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтті. Ақиық ақын өзі шексіз сүйген туған еліне ғана емес, бауырлас халықтардың бірлігін, түркі жұртының тұтастығын дәріптеді.

Рухани кеште ақынның жұбайы Жұмагүл Сариеваға ізгі дәстүрмен сый-құрмет көрсетілді. Жүректерге жол тапқан, ел аузынын түспейтін 500-ге тарта әннің сөзін сезіммен өрген Шөмішбай Сариевтың ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан теңіз. Қазақ поэзиясының көшін алға жетелеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосты.

Жұмагүл Сариева, Ш. Сариевтің жұбайы:

- Қызылордада, өзінің туған елінде атап өтейік деп, Шөкеңнің ең бір жақсы әндерін айтқан Роза бар, Мақпал бар, сондай халыққа ең белгілі әншілерменен, бәрін шақырып, осындай кеш өтіп жатыр. Билборды ілініп жатыр, кітабы шығып жатыр, бәріне, халқына ризамын. Конференция ұйымдастырды. 75 жылдығы Аралда аталып өтті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.