Шымкентте тұрғын үйлер жаңғыртылып жатыр

Шымкентте көп қабатты үйлердің 40 проценті ескірген.

«Тұрғын үйді жаңғырту» жобасымен тозығы жеткен үйлер жаңғыртылып жатыр. Бағдарламаға қатысушылардың қатары күн санап көбеюде. Қазір қаладағы 84 үйдің тұрғындары кезекте тұр. Алайда, салынғанына көп уақыт өте қоймаған үйлерден де ақаулық анықталуда.

Иляев көшесіндегі  бес қабатты мына үй 2016 жылы пайдалануға берілген. Жаңа үйден пәтер алған Сәуле Досалиеваның айтуынша, қуаныш ұзаққа созылмапты. Себебі, бір жыл өтпей қабырғадан су ағып, жедел саты мүлдем істен шыққан. 

Сәуле Досалиева, қала тұрғыны:

- Модернизация жасатудын негізгі себебі – үйдің сыртқы фасады өте нашар болған. Су өтіп тұрғындарға өте қиыншылық алып келді. Үйді біз алғалы бері лифтімен қолданған жоқпыз. Үйде көп кемшіліктер бар.

Осылайша, үйдегі олқылықтарды тұрғындар алдымен өздері ретке келтіруге тырысқан. Бірақ,  кейін мемлекеттік бағдарламаға қатысуға шешім қабылдайды.  Қазір тұрғын үйдің  қаспеті ауыстырылып жатыр. Жөндеу жұмыстары 108 млн.теңгеге бағаланды. Мемлекеттен бөлінген қаржыны, тұрғындар алдағы 15 жыл ішінде өтеуі тиіс.

Қанат Серікбаев, "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС әкімшілік бөлімінің басшысы:

- Құрылысы біткен үйлердің ақшасы қайта жаңғыртуға салынады. Бұл қаржы өсім пайызсыз, ешқандай талапсыз қайтарым қаржы болып есептеледі. Яғни биыл 15 үйді қарастырып отырсақ, келер 2024 жылы жергілікті және республикалық бюджеттен 84 үйдің жобасын ұсынуға дайындалып отырмыз.

Айталық, осы жылы жаңғыртылатын 15 үйдің құрылысына  1 млрд.40 млн.теңге бөлініп отыр. Ал, кезекте тұрған қалған баспаналар кезең-кезеңімен жөндеуден өтеді. Осылайша, шаһардың сәнін бұзған ескі үйлер  2025 жылға дейін толығымен жаңартылады деп жоспарланған.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Катерина Попкова, Самат Нағашбеұлы