Абай облысында садақ ату өнері қайта жаңғырды
Абай облысында көнеден жеткен садақ ату дәстүрі қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жас мергендерді отбасылық жұп тәрбиелеп жатыр. Кәсіп иелері өз қаражатына керек-жарағын алып, ғимарат жалдаған. Қазір арнайы спорт орталығына 40 шақты бала барады.
Сағыныш Мәулетова – 9-сынып оқушысы. Мергендік өнерге зор қызығушылықпен келген. Туған қаласында дәстүрлі садақ ату орталығы ашылғанын естіген ол үйірмеге алғашқылардың бір болып жазылды.
Сағыныш Мәулетова, Аягөз қаласының тұрғыны:
- Садақ атудың 2 түрі бар. Еуропалық және дәстүрлі садақ түрі. Қазір мен еуропалықты білемін, дәстүрлікті үйренудемін. Үйірмеге негізі мені жеңгем алып келген. Мен кішкентай кезімнен қызығып жүрген болатынмын.
Әбдуахит Ернарұлы, Аягөз қаласының тұрғыны:
- Менің айналысқаныма 3 жыл болды. Менің ататын қашықтығым 20 метр болады. Қазір мен – Қазақстанның чемпионымын. Әрине, 20 метрден. Ұлдар арасында. Ең алғашқы жарыста мен төртінші орын алдым, Қаскелең қаласы сол. Одан кейінгі жарыстарда бір ай өткен соң екінші орын алдым. Біраз нәтиже шығара бастадым, көп еңбектене бастадым.
Көшпенділердің көне ойыны садақ ату өнерін жаңғыртуды жас отбасы қолға алды. Олар спорттың бұл түрінен бірталай жетістікке жеткен. Жортыновтар отбасы жаттығу залын жалға алып, жеке қаражатына жебелер мен садақтар алған.
Ринат Жортынов, садақ ату орталығының жетекшісі:
- Ата-бабамыздың ұлттық спорты. Осы ұлттық спортты жастар болып қолға алып, осы дәстүрлі садақ атуды дамытсақ деген ойымызда бар. Енді жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дейді ғой, осы Аягөз қаласында құралайды көзге атқан талай мергендерді тәрбиелеп шығарамыз деген өзімізде алдыда жоспарлар бар.
Құралайды көзден атқан мергендерді тәрбиелеу оңай шаруа емес. Садақ ату спорты жастардың рухын көтеріп, жігерін жаниды. Дененің сымбатты болуына ықпал етеді. Адамның назары мен қабілет-қарымы бір арнаға тоғысқанда ғана жебе нысанаға дәл тиеді. Қазір бұл орталыққа 40-қа тарта бала барады. Олар 2 топқа бөлініп жаттығады. Ең жас садақшы 7-де. Келешекте Ринат Жортынов үлкен залды жалға алмақ. Жергілікті билік қолдап жатса, кәсіпкер оқушыларды тегін үйретуге дайын.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов.