Үкіметте МӘМС қорының жұмысы қаралды
Сақтандырылмаған азаматқа көлік жүргізуге және қару ұстауға рұқсат құжатын бермеу қажет.
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осылай деді. Отырыста Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы қаралды. Қазіргі таңда қорда қаржы тапшы. Бар ақшаның қомақты бөлігі пандемиямен күрес, кепілдендірілген медициналық көмек сынды бюджеттен бөлінуі тиіс шығындарға жұмсалған. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерлер жалақысын қор есебінен ұлғайтқан.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Медициналық қызметтің сапасын көтеруі тиіс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты халық тарапынан шағым көп. Ақпараттық интеграцияның жоқтығы, қызмет көлемінің жосықсыз жоспарлануы және ұзын-сонар кезек. Науқас шұғыл жасалуы тиіс операцияны апталап, айлап күтуге мәжбүр. Осы және өзге де мәселелер Мәжілістегі Үкімет сағатында талқыланды.
Сақтандыру жүйесінің жұмысы қаржы тапшылығынан ақсап тұр. Депутаттар бастапқыда жан-жақты есептерге негізделген қаржыландыру моделі түзілгенін айтады. Алайда бастапқы жоспар іске аспады. Өйткені қаржы тапшы болды. Кейінгі үш жылда қорға бөлінуі тиіс 600 млрд теңгеден астам сомма басқа мақсатқа жұмсалған.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заңда бекітілген нормалар орындалмай отыр. Яғни, заң бойынша мемлекет өзінің қамту керек санаттары үшін қорға ақша аударуы керек. Мемлекет 15 санатқа жүктеме алған, міндет алған. Бірақ мемлекет бюджеттен заңға сәйкес тиісті қаражатты төлеп отырған жоқ. Осыған байланысты үлкен қаржылық дефицит пайда болды. Кем дегенде трлн-ға жуық қаражат осы қорға, яғни, қарапайым азаматтардың емделуіне жеткен жоқ.
Депутаттың айтуынша, қаражат тапшылығынан медициналық мекеме барлығын бірдей қабылдай алмайды. Өйткені орын саны шектеулі. Соның салдарынан сақтандыру жүйесінде тіркелмеген 3 миллионнан астам адамның денсаулығына қатысты проблема ушығып тұр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл азаматтарды біз осы медициналық қызметтермен міндетті түрде қамтуымыз керек. Өйткені қазіргі уақытта олар МӘМС қаражатын төлемегендіктен тек қана кепілдендірілген қызмет алады. Кепілдендірілген қызмет деген не? Ол деген шұғыл бір проблема болса, сонда ғана приемный покойға барып, әлде мынау жедел жәрдем шақырып, сол көмекті ғана ала алады. Ал басқа көмекті алу үшін оларға мүмкіндік жоқ.
Жаны қысылғанда науқастар ұзың-соңар кезекті күте алмайды. Сол себептен ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр. Бұған мына сандар дәлел. Соңғы екі жылда қазақстандықтардың емге жұмсайтын шығыны 4 пайызға өскен.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Медициналық ұйымдар да проблемаларға тап болды. Олардың негізгілері төмен тарифтер, тегін медициналық кепілдендірілген пакет, МӘМС-тің пакеті күрделі тізбелері, бағана видеода айтып кеткендей, кадрлардың тапшылығы,медициналық ұйымдардың шамадан тыс жүктемесі, дәрігер мамандығы беделінің жеткіліксіздігі болып табылады.
Министрдің сөзіне сүйенсек, қор жыл санап өсіп отырған шығысты еңсере алмағандықтан келешекте өз міндеттемелерін орындай алмауы мүмкін. Сондықтан, ел азаматтарын жүйеге тіркеу тыңғылықты түрде қолға алынбақ.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адам МӘМС жүйесіне енгізу көзделіп отыр. Екінші, табысы төмен, ауылдық жерлерде тұратын шамамен 1,5 миллион адам бюджеттік қаражат арқылы сақтандырылады.
Сондай-ақ, министр сақтандырылмаған тұлғаларға көлік жүргізуге және қару сақтауға рұқсат бермеуді ұсынды. Осылайша 2026 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызын қамту көзделуде. Ал депутаттар Президент тапсырмасына сәйкес жыл сайын қосымша 500 млрд теңге бөлу қажет дейді. Дегенмен, келер жылдың бюджетіне бұл қаражат енбеген.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев