Бүгін Дүниежүзілік пошта күні
21-ші ғасырда бұл сала заманға сай жандана түсті.
Қазіргі таңда қаржылық, брокерлік, агенттік, электрондық қызметтер кеңінен көрсетіледі. Дегенмен, пошташының қызметіне жүгінетіндер әлі бар. Мысалы, алматылықтар әлі күнге дейін мерзімді басылымдарға белсенді жазылады. Биылғы сегіз айда мегаполис оқырмандарына 950 мың газет, журнал жеткізіліпті. Сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша апта сайын 2 мыңға жуық хат иелеріне беріледі екен.
Қорлан Қылышбекова поштаның табалдырығын 19 жасында аттаған. Содан бері 40 жылға жуықтап қалыпты. «Осы салада табан аудармастан еңбек етіп келемін. Бұл осы бір қарапайым мамандыққа деген адалдығым шығар»,-дейді. Бас кезінде сұрыптаушы, оператор болған. Кейін хат тасымалдайтын пошташы жұмысына ауысқан.
Қорлан Қылышбекова, пошташы:
- Өзіме ұнайды жұмысым. Бірінші 1985 жылы жұмысқа орналастым. Ол кезде Байланыс училищесін бітіріп, оператор мамандығын алғам. 1985 жылы Казпочтаға орналастым. Өзіме өзімнің мамандығым ұнайды. Жаяу жүру және денсаулығыма. 13-14 километрдей жүреміз жаяу.
Ол осы уақыт ішінде 56 мың шақырымды жаяу жүріп өткен. Таңғы сағат сегіз жарымда сөмкесін арқалап жолға шығады. Қазір оның қарамағына 1000-ға жуық мекенжай қарайды. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер, жер үйлер мен мекемелер бар. Осылардың бәріне келіп түскен тапсырыс хаттар, салық пен коммуналдық төлемдерді уақытында жеткізуге тырысады. Әріптестерінің айтуынша, Қорлан өзінің жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды.
Надежда Забурина, пошта қызметі басқармасы басшысының орынбасары:
- Сырттан қарағанда пошташының жұмысы жеңіл болып көрінуі мүмкін. Бірақ, ол мүлдем олай емес. Сөмкелерінің салмағы 10 келіге дейін тартады. Соны арқалап жүруді айтсаңызшы. Оның үстіне адамдармен тіл табыса білу қажет. Кейде тұрғындарға тапсырыс хаттарын ерте апарып берсең, демалып жатыр едім. Мазамды алдың дейтіндер де бар. Есігін ашпай қоятындар да кездеседі. Сол үшін шыдамдылық керек.
Қазір бұрынғыдай сағынышқа толы үшбу хаттар азайған. Олардың орнын тапсырыс хаттар басқан. Десе де, газет-журналдарға жазылатындар бар. Қай-қайсысы болмасын пошташыны қуанышпен қарсы алады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов