Жамбылдық фермерлер қант қызылшасын жинауға кірісті
Биылғы куаңшылықтан егіс алқаптарының біразы күйіп кетсе де, диқандар мол өнімнен үмітті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ылғал сақтау технологиясын қолдану арқылы сақтап қалған алқаптардан 150 мың тоннадай тәтті тамырлар жинау жоспарда. Бұл былтырғы өнімнен 30%-ке артық.
Өңірде қант қызылшасын өсірумен 137 шаруа қожалығы айналысады. Оның жартысына жуығы ылғал сақтау технологиясын қолданады. Жаңбырлатқыш қондырғылар мен тамшылатып суарудың арқасында диқандар тәтті тамырларды қуаңшылықтан құтқарып қалыпты. Мұндай заманауи тәсіл суару уақытын едәуір қысқартады, - дейді Сәкен Әбітаев. Ол биыл 20 гектарға қызылша салған.
Сәкен Әбітаев, фермер:
- Бұрын «арычный полив» дейді ғой, сол сонда бір-екі гектар суаратын сумен біз қазір 20 гектардай суарамыз, 20-25 гектарға шейін тәулігіне суарамыз. Негізі өте тиімді «капельное орошение» деген. Суға үнем болады, уақытқа. Содан кейін шөп, арық анау-мынау болмайды, жер тегіс болады. Өте қолайлы негізі. Осы тамшылап суарудың арқасында 80 тоннадан алып жатырмыз.
Әдетте бір қант қызылшасының орташа салмағы 2 келіден аспайды. Бірақ биыл ол көрсеткішті жолда қалдырғандар көп. Мәселен, мына қызылша 4 келі 150 грамм тартыпты. Жалпы өңірде 10 мың гектарға тәтті тамырлар егілсе, оның 4 мың жарымы ғана пісіп жетілді. Қалғаны тіршілік нәрінің тапшылығынан қурап кетті. Су мәселесін шешу үшін мемлекет қолдауы қажет. Шаруаларға скважина бұрғылап, шыңыраудан су шығару шығынының 80% субсидияласа, өте дұрыс болар еді, - дейді мамандар.
Саха Манатов, облыстық Қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы:
- Су үнемдеу технологияларға ақша бөлінсе, біз қант қызылшасын егуге дайынбыз. Жамбыл облысында сол 20 мың гектар қант қызылшасы бүкіл Қазақстанды қантпен 50% қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Келесі жылдан бастап Байзақ ауданында біз пилоттық жоба қосып жатырмыз. Ол деген сөз мына Шымырбай учаскесі мен Күдері учаскесінде 2000 гектардан бүкіл технология қолданып, сол жаққа екпекшіміз. Скважина жасап, соны суарып жұмыс жасамақшымыз. Соның бәріне Үкімет 80% субсидия беру керек. Сонда ғана мына пилоттық жоба амалға асырылады.
Ал әзірге отандық қант ел қажеттілігінің тек 10% ғана өтейді. Қалған өнім шекараның ар жағынан тасымалданады. Биыл фермерлер 150 мың тонна қант қызылшасын жинауды жоспарлап отыр. Ол өткен жылғы көрсеткіштен 30% артық. Дәл қазір жиын-терім 3 ауданда қызу жүріп жатыр.
Нұрби Жігітеков, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Барлық жиналғаны – 93 гектар. 3 мың тоннадан астам өнім жиналды. Мерке қант зауытына 2 мың тоннадан астам қант қызылшасы өткізілді. Жалпы биыл 32 техника қатысады деп отырмыз. Соның бүгінгі күнге 7-еуі қатысып жатыр. Үкімет тарапынан субсидия мәселесі бар. Жергілікті бюдеттен 25% төленсе, қант зауыты 25 теңгеден төленеді.
Жамбылдық диқандар қант қызылшасын қарашаның аяғына дейін жинап бітіреміз деп отыр. Барлық алынған өнім Мерке қант зауытында өңделмек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Анастасия Сулейманова, Бакытжан Бапаев.