Қарағанды облысында 4 үйге техникалық сараптама жасалды
Қарағанды облысындағы Приозерск қаласында қабырғасына сызат түскен 4 үйге техникалық сараптама жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қорытындысы қазан айының соңына дейін шығады. Егер баспана апатты деп танылса, 174 отбасының жағдайы не болмақ? Аймақтағы тілшіміз Ардақ Асылханұлы тұрғындармен тілдесіп, жергілікті биліктің жоспарын тыңдап келді.
Жұбантаевтар жанұясының осы пәтерде тұрып жатқанына 20 жылдан асқан. Уақыт өткен сайын ескі үйдің іргетасы отырып, қабырғалары сөгіліп жатыр, - дейді отағасы. Есіктердің жақтауы қисайып, терезелер жарылып кеткен.
Қайырғали Жұбантаев, Приозёрск қаласының тұрғыны:
- Кіреберіс те отырып жатыр. Сатылардан да белгілі, жарылып-жарылып, отырып бара жатыр. Жылдан жылға кетіп барады. Білмеймін, биыл үй бермесе, пәтер жалдап кетеміз ба, қорқамыз.
Тұрғындардың шағымынан соң биыл жергілікті билік өкілдері қаладағы 4 бірдей үйге сараптама жасатты. Оның екеуі – 50 жыл болған ескі үй, қалғаны – жаңа.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Мына көпқабатты тұрғын үй осыдан тура 45 жыл бұрын салынған. Қазір мұнда 78 отбасы тұрып жатыр. Жыл өткен сайын қабырғасы сөгіліп келеді. Құлап кетпес үшін темірмен құрсаулап тастаған.
Сараптама қорытындысы қазан айының соңында шығады. Тек содан кейін ғана сол шешімге қарай әрекет етеміз, - дейді әкімдік өкілдері. Апатты болса, үй сүрілуі мүмкін, ал қауіп болмаса, қайта жөнделеді. Тұрғындар баспанасыз қаламыз ба деп алаңдаулы.
Гүлмира Күлшібаева, Приозёрск қаласының тұрғыны:
- Енді отырмыз, «как на чемоданах». Қай күні құлайтынын да білмейміз төбемізден. Терезелердің бәрі қисайған. Қай күні шығарып жібереді, пәтер бере ме, бермей ме? Шешімін нақты ешкім айтпай отыр.
Жауапты мамандар үй сүрілген жағдайда ешкім де баспанасыз қалмайды деп отыр. Қазір түрлі жолдары қарастырылып жатыр.
Бейбіт Майбасов, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:
- Қорытындысы шыққаннан кейін егер де аталған 4 үй апатты деп танылса, әр отбасы, ешбір адам үйсіз қалмайды. Бәрін үймен қамтамасыз етіп, заң жүзінде берілетін болады. Тұрғын үй қорындағы бос пәтерлерді бөліп, «равнозначный» пәтерлер береміз.
Қазір Приозерск қаласында көпқабатты 76 тұрғын үй бар. Биыл 684 миллион теңгеге тағы 60 пәтерлі 15 үй салған. Келесі жылы да бірнеше баспана тұрғызу жоспарда бар. Алайда қазір 320 адам үй кезегінде тұр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.